Үкімет басшысы Олжас Бектенов жазғы демалыста жұмыс істегісі келетін оқушылар мен студенттерді жұмыспен қамтуды тапсырды.
- Біріншіден, өңір әкімдіктері және Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының сауықтыру лагерлері мен балалардың инновациялық шығармашылығы орталықтарын салу туралы тапсырмасын орындау қарқынын жеделдетуге тиіс. Барлық объекті белгіленген мерзімде тапсырылуы керек.
Екіншіден, Туризм және спорт министрлігі балалардың тарихи-мәдени мұра объектілеріне, танымал туристік аймақтарға баруы үшін әкімдіктердің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестірсін. Батыс өңіріндегі балаларға еліміздің шығыс аймақтарын көріп-білу қызықты болмақ.
Ал оңтүстік облыстардағы оқушылардың солтүстік аймақтарға және керісінше саяхаттап баруын ұйымдастыру қажет, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, балалар еліміздің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасын танып-білуі тиіс.
- Мәдениет және ақпарат министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктерге тегін баруын қамтамасыз етсін.
Үшіншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктер жұмыс істеуге ниет білдірген оқушылар мен студенттерді уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз ету шараларын қабылдасын. Бұл ретте олардың еңбек құқықтары сақталуға тиіс, - дейді ол.
Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.