$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Президент мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттады

20.05.2025ж. 20:00
285
Президент мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттады

Зерттеушілер ерекше қызығушылық танытатын Сарайшық қалашығына жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерінің қатысуымен өткен салтанатты жиында осындай бастама көтерді. Кәсіби мереке қарсаңында бірқатар сала мамандары мемлекеттік наградаларға ие болды. Мемлекет басшысы төл мәдениетімізді дамытуда аянбай еңбек етіп жүрген жандарға ризашылығын білдіріп, алдағы мақсаттарды айқындап берді.

Президент саладағы айтулы жетістіктерді жіпке тізді. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда.

Былтырдың өзінде Қазақстанда 45 жаңа мәдениет нысаны салынды. Мемлекет басшысы бірқатар өнер ошағына академиялық мәртебе беруді ұсынды. Осыған дейін еліміздің жетекші үш музейі ұлттық мәртебеге ие болды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ғылыми-зерттеу саласында, тарихи және мәдени ескерткіштерімізді зерделеу ісінде музейлердің әлеуетін толық пайдалану маңызды. Сарайшық қалашығы зерттеушілердің ерекше қызығушылығын тудырады. Оған жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасына арналған бірыңғай цифрлық платформа құру туралы бастаманың берері мол.

Биыл әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жоспарланған. Халық руханиятының тағы бір маңызды қыры – сәулет өнері де назардан тыс қалмады. Президент жас сәулетшілердің арнайы байқауын ұйымдастырып, Ұлттық сыйлық тағайындауға болатынын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қалалар мен елді мекендер келбеті – ұлт мәдениетінің айнасы. Ұлттық архитектура, түптеп келгенде, ұлттық санаға ықпалын тигізеді. Елімізде сәулет өнерін жетік меңгерген, оны ұлттық нақышқа бейімдей алған мамандардың тұтас буыны өсіп келеді. Мұндай дарын иелеріне мейлінше қолдау көрсету қажет.

Ел руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

ҚАЙРАТ БАЙБОСЫНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ:

Халқымыздың өскелең жастарының осы ұлттық өнерге деген құлшынысы арта берсе екен. Осы салада көп жылдар бойы ұстаздық қызметпен айналысып келемін. Маған кезінде сахнада қошемет көрсеткен халқыма ризашылығымды білдіргім келеді. Халықтың арқасы деп айтқым келеді.

Мәдениет пен өнердің ағартушылық әлеуеті орасан зор. Бұл сала ұлт санасын жаңғыртуға ерекше ықпал етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет алдағы уақытта да мәдениет өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.