$511.59 €575.28 ₽6.33
×

Мектептерде стоматологиялық кабинет ашылады

20.05.2025ж. 20:00
42
Мектептерде стоматологиялық кабинет ашылады

Оқушы саны мыңнан асатын білім ордаларында стоматологиялық кабинеттер ашылады. Сала министрі енді мектеп медицинасына көптеп көңіл бөлінетінін айтты. Сонымен қатар қыркүйектен бастап білім ошақтарындағы асхана мәзірі өзгереді. Ақмарал Әлназарова қант пен тұзды азайту арқылы балаларда көптеп кездесетін аурулардың алдын аламыз деп сендірді. Үкімет отырысында тағы қандай мәселе қозғалды? Әріптесім Сүндет Оралбек айтсын.

Үкімет басшысы балалар қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталды. Бірде-бір бала назардан қалмасын, деп шегелеп айтты. Өйткені, жаз басталса, бүлдіршіндердің терезеден құлауы, жеткіншектердің суға кетуі сияқты оқиғалар жиілейді. Сондықтан су айдындарында балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды. Терезелерге қорғаныш құрылғыларын орнатуды ұсынды.

ОЛЖАС БЕКТЕОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп су айдындары мен бассейндерде құтқару жабдығының болуын тексеріп, персоналды суда және өрт кезінде балаларды құтқару дағдыларына үйрету қажет. Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін әрбір балалар орталығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторларын бекітуге тиіс.

Биыл соңғы қоңырау 23-24 мамырда соғылады. Білім беру кезеңін 3 млн 900мыңнан астам оқушы аяқтады. Оның 217 мыңы үлкен өмірге қадам баспақ. Түлектер 18-20 маусым аралығында аттестат алады.


ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

9 және 11 сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 29 мамыр-16 маусым аралығында тапсырады. Биыл 11-сыныпты 217 мың түлек аяқтайды, сондай-ақ 9-сынып бітіретін 364 мың оқушы мектепте оқуды жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды.

183 мың түлек сынақ тапсырады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 30 мыңға артық. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пункін өздері таңдайды. Екі рет тест тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген.


ТАЛҒАТ ЕШЕНҚҰЛОВ, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

16 мамырдан бастап 46 өңірлік орталықтарда жоғары оқу орындарына үміткер талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілуде. ҰБТ 7 шілдеге дейін жалғасатын болады. Өңірлік тестілеу орталықтары 46 елді мекенде орналасқан және тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілеген.

Үкіметте мектеп асханалары да сөз болды. Бұл тақырып қозғалмай қайтсін. Білім беру ұйымдарында ішіп-жемге келгенде дау-дамай тиылған емес. Ведомства басшысы 1 қыркүйектен бастап жаңа мәзір қолданысқа енетінін жеткізді. Сөзінше, бұл өзгеріс семіздік, қант диабеті, жүрек қан-тамырлары ауруларының алдын-алады.


АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Өткен жылы оқушылардың 90%-ы профилактикалық тексеруден өтті және балаларды динамикалық бақылаумен қамту 3% өсті. Балалардан көбіне ас қорыту, көру, тыныс алу ағзаларының аурулары, сондай-ақ стоматологиялық проблемалар анықталып жатыр.

Сондай-ақ, 1000-нан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылады деді министр. Бұл мектеп медицинасының ілгерілеуіне жол ашуы мүмкін.