Соңғы қоңырау қарсаңында жылдағы жыр қайта басталды. Әлеуметтік желілерде оқушылардың шығыны шаш етектен екені айтылуда. Ата-аналардың бас ауруына айналған мәселе Үкімет отырысында да қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов ата-аналарға үндеу жасады.
Оқушының мектеп бітіру сән-салтанаты ата-анаға қымбатқа түсіп тұр. Кемі 200 мың теңге. Баласын қатардан қалдырғысы келмегендер қолындағы барын беріп, жетпегенін несиемен жамайды. Алматы қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде бір қыздың мектеп бітіру кешіне 400 мың теңге қажет екенін айтты.
Қызы әкесіне барып 200 мың теңге қажет екенін айтады. Бұған дейін сабағын жақсы оқып үлгілі оқушы болған қыз қатарластарынан қалғысы келмейді. Ал әкесі 250 мың теңге жалақысына қарап «несие қарастырамын ба, бұл ақшаны қайдан алуға болады?» деп ойлайды. Одан бөлек қыздың көйлегі, макияжы тағы бар. Барлығын қоса алғанда 300-400 мың теңге ақша қажет болады.
Бұл мәселе желіде желдей есті. Жақтағандардан гөрі, даттағандар көп.
БЛИЦ:
- 250-300 мың теңге тұрмақ 20 мыңды әзер табатын жанұялар бар. Сондай бере алмаған балалардың жай-күйін түсінетін ата-ана бар ма?
- Ата-анасы ондай ақшаны бере алмайтын балаларға қандай травма, психологиялық соққы десеңізші, масқара ғой. Кім ұйымдастырып отыр екен, соны жазалау шараларын қолдану керек.
200 мың теңге бір айлық күнкөріс екенін айтқан астаналықтар, бір күндік кешке жүз мыңдаған ақша шашу дарақылық дейді.
БЛИЦ:
- 200-300 деген көп, бір балаға. Ол ақшаны алмайтын семья да бар ғой.
- Бір орынға 70 мыңнан жинап жатыр. Ата-ана тағы бір адамға 210 мың ғой примерно.
- Біреуде бар, біреуде жоқ. Бір үйде бірнеше баладан оқиды. Оған мен түбегейлі қарсымын, ақша жинауға.
Аталған мәселеден Оқу-ағарту министрі де хабардар. Ғани Бейсембаев бұл жағдай қатаң бақылауға алынғанын айтты. Алайда ата-ананың ақша жинауға қатысты бастамасына мектеп не министрлік тосқауыл бола алмайтынын астыртын жеткізді.
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Мәселе әлсін-әлсін кейбір аймақтарда шығып отырғанын көріп отырмыз. Бірақ маған айтып отырған жаңағы мектеп басшылығы да көбіне ата-аналардың бастамашылығымен жиналған дүниеге қатысты мектеп басшылығының тиісті шара қолдана алмайтындығын айтып баяндап отыр. Бірақ дей тұрғанменен, екі жақта да жауапкершілік болу керек деп есептеймін.
Мәселе кеше-бүгін туындаған жоқ. Бұл жылдағы үрдіс. Түлектер білім ұясымен дәл осылай естен кетпестей қоштасуды құп көреді. Үкімет басшысы мектеп бітіру кешінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Дәл осы кезеңде түрлі келеңсіз жағдайлардың қаупі арта түседі. Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын.
Қазір мектептерде ақша жинауға қарсы бұйрық бар. Онда «ешқандай қаржы жинауға болмайды» деп көрсетілген. Алайда аталған тыйым мәселеге тосқауыл бола алмай тұр.