Елімізде жыл басынан бері бес бала терезеден құлап, көз жұмды. Тағы 55-і түрлі дене жарақатын алып, ауруханада ем алған. Оқыс оқиғаға тап болған бүлдіршіндердің жасы, шамамен, 2 мен 13 арасында. Қайғылы оқиғаның жиіленуіне не себеп? Мәселені алдын алу үшін не істеу керек? Осы және өзге де тақырыптарды әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында сараптайды.
Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз!
Біз «бала қауіпсіздігі – бірінші орында» деген сөзді жиі айтамыз. Бірақ сонын мәнін терең ұғып, іштей сезініп жүрген жан кемде-кем. Олай дейтініміз, соңғы кездері бүлдіршіндерге қатысты қайғылы жағдай жиіледі. Ұрлайды, ұрып-соғады, зәбір көрсетеді. Енді жаз басталғалы терезеден құлау дерегі көбейді. Жыл басынан бері 5 баладан айырылдық. Ал өткен жылы 196 жағдай тіркелген. Мәселені шешу үшін қайтпек керек? Желідегілердің не деп жатқанын тыңдайық.
БЛИЦ:
- Әке-шешісін жауапқа тартсын!
- Ешқандай ата-ананың кінәсі емес. Алла сақтасын, шипасын берсін. Қазір жұмыс істемесең аш қаласың. Барлық зат қымбат. Айлық төмен.
- Бұл – жазмыш. Ешкімнің басына салмасын. Бірақ ата-насын кінәлаудың керегі жоқ. Онсызда уайымнан қан жұтып отқан шығар. Көз алдында да бала бүлдіретінін бүлдіреді. Қарап отырсаң да.
Қауіпсіздік туралы бастаған екенбіз, жалғастырайық. Енді мектеп күзетшілері қару ұстайды. Ол үшін білім ұясның лицензиясы болуы тиіс. Естеріңізде болса, бұған дейін оқушыларды қарауылдайтын мамандарға сын көп айтылған еді. Оқыс оқиға бола қалса балаларды қорғай да алмайды деп дүрліккенбіз. Енді бірыңғай талап бекітті. Бұдан былай күзетке – арнайы дайындықтан өткен 25-50 жас аралығындағы ер адам алынады. Әрі ұйымның кеңсесі мен қызметкердің сотталмаған, бастысы қарумен жүруге және пайдалануға арналған рұқсат қағазының болуы маңызды. Мұны ата-аналар қалай қабылдап жатыр?
БЛИЦ:
- Болмайды ұстауға. Себебі бізде дайындық жоқ ешқандай.
- Күзетшіге не қару керек? Олардың өздерінің бойынша күш-қуат болса болды ғой. Зорға жүрген біреулерді қойып қоясыңдар. Тағы оларға қару бермекшісіңдер.
- Қарсымын! Балалар ашуына тисе атып жібермесіне кім кепіл? Балаларымды мектепке бермеймін ондай заң қабылданса.
Қандай да бір оқыс жағдай болса бірінші жедел жәрдемге хабарласамыз. Осы тұста салаға қатысты өзгерістер туралы айта кетейін. Енді біз жедел жәрдемнің жүру бағытын онлайн бақылай аламыз. Бұл әзірге тек Астаналықтарға ғана мүмкін. Елорданың жедел жәрдем қызметі күніне 6000-ға жуық қоңырау қабылдайды. Оның 40%-ы – көмектің қашан келетінін нақтылау үшін хабарласады. Жаңа жүйе осы жүктемені азайтып, ресурсты маңызды шақыртуларға бағыттауға мүмкіндік береді.
БЛИЦ:
- Жедел жәрдем келе жатқанда ешкім жол бермейді. Сол себепті олар кешігеді. Жолдарды түзеп қойсын!
- Біз шақырғанда екі сағатқа шақ келді ғой. Хабарлассаң ұрсады, сізге кетті, күтіңіз деп.
- Бір сағат кешіккені ештеңе емес қой. 2-3 сағатта келеді.
Құрметті көрермен, бүгінге осы! Сау болыңыздар!