Түркістан облысында екі жасөспірім полицейлердің негізсіз айыптауы салдарынан сотқа сабылып жүр. «11 айдан бері жабылған жаланың құрбаны боп жүрміз» деген ата-аналарының айтуынша, органдағылар балаларды соққыға жығып, істемеген қылмысты күштеп мойындатқан көрінеді. Оларды айыппұл арқалаған шетелдік мигранттардан қомақты ақы алып, шекара асырып отырды деп айыптауда.
Екі жасөспірімнің үстінен қозғалған қылмыстық іс 5 айдан бері сотта қаралып жатыр. Оларға елде жүру тәртібін бұзған шетелдіктер үшін әкімшілік сот қаулыларын қолдан жасап, сол үшін ақша алып, алаяқтықпен айналысты деген айып тағылып отыр. Сотталушылардың жалпы саны -8 адам. Екеуі -осы кәмелет жасына толмаған бала. Бірақ екі жасөспірім мұның бәрі өздеріне жабылған жала екенін айтып шырылдауда. Қапшағайда демалып жүрген жерімізден жедел уәкілдер Түркістанға желкелеп әкелді дейді.
КҮДІКТІ:
Машинаға отырғызып, Қапшағай көліне апарып, сол күні жағажайда ешкім болмағаннан соң бізді жағада ұрды, физикалық күш қолданды. Қабырғаның астынан ұрды, одан соң тізерлеп отырғызды да мына мойынның арқасынан ұрды, сосын тіземнен тепті. Сосын біз мойындамағаннан кейін бізді суға тұншықтырамыз деп қорқытты.
Жасөспірімдер бұған дейін Өзбекстанға қатынайтын автобустарда жолаушылардың тізімін жасап, жүргізушілерге көмектесумен айналысқандарын айтады. Алайда шетелдіктермен басқа байланыс болмады деп отыр. Олардың қорғаушылары да екеуінің мұндай алаяқтыққа араласпағанына сенімді.
ЕРБОЛ СҰЛТАНҚҰЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ ЖЕКЕ ДАРА АДВОКАТЫ:
Екеуін Қонаев қаласынан ұрлап әкелген, әкелу барысында жедел уәкілдер ешқандай баянат жазбаған. Ол баянатты басшы құрамы бұйрық шығармаған. Тергеу әрекеттерінің бәрі жалғандықпен, бұрмалаушылықпен жасалған. Қатыспаған адамды қатысты деген.
Жасөспірімнің бірінің анасы балаңызды қорғаймыз деп, алдап қол қойдырып алғанмен екі апта бойы ас-сусыз пәтерде қамап ұстады деп ашынады. Әу баста бұл іске куәгер ретінде тартылған ұлымды ақыр соңы күдіктіге айналдырып жіберді дейді.
КҮДІКТІНІҢ АНАСЫ:
Анамның атымен ант етейін деп, тергеуші Намазбаев балаңыз тек қана куәгер ретінде барады, бір-екі сұраққа жауап береді, осының бәрін айтады жауабын, күдіктіден сотталушы болып жүр міне, январьдан бері.
Былтырғы жылдың шілдесінде басталған іс сағыздай созылып келеді дейді сотқа сабылып жүргендер. Қорғаушылар полицейлердің өздері заңды өрескел бұзып келген дегенді айтады.
АЙБЕК ЖҰМБАЙ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ:
Жауап алу хаттамасы тергеушінің фантазиясымен, яғни ішіндегі барлық қылмыстарды мен жасадым, мен мойындаймын, деген сияқты өзі қолдан жасап, қылмыстық іске тіркеп, содан сотқа жіберіп отыр. Тергеп-тексеру аяқталғанға дейін, сол хабарсыз адвокаттың қолын қойып, қылмыстық іс бойынша мүлде қатыспаған адвокатты барлық тергеу амалдарына қатыстырған есебінде қылмыстық істі сотқа жолдап отыр. Ол адвокат Түркістан облысына мүлде келмеген.
Соттың әлі қанша уақытқа созылары белгісіз. Жәбірленуші тарап пен қорғаушылар келтірілген дәлелдемелердің барлығын сот алдағы уақытта қаперге алып, әділ шешім шығарады деген үмітте. Облыстық прокуратура сот барысында іс бойынша қажетті мәнжайлардың барлығы қаралып, сотпен тиісті құқықтық баға берілетінін хабарлады.