$511.59 €575.28 ₽6.33
×

Трамп пен Путин телефон арқылы тілдесті

20.05.2025ж. 20:00
66
Трамп пен Путин телефон арқылы тілдесті

Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлесіп, тіпті тұтқасын: "сен қой, мен қой", - болыпты. Әйтеуір жеке кездесіп соғысты тоқтатамыз, - дейді. Бірақ, Зеленский Украинасыз ешқандай шешім қабылданбайды, - деп шорт кесті. Ал, Трамптың қысымынан сескенген Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ 2016-ы жылдан бері қарым-қатынастарын алғаш рет жақсартып, бірнеше келісімге қол қойды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Екі Президент бір-бірін сағынғаны сонша телефон тұтқасын қойғысы келмеген. Трамп пен путин 2 сағат бойы телефон алдында телміріп, Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылады. АҚШ Президентінің хабарлауынша, дереу бейбіт келісім туралы келіссөздер жалғасын табуы тиіс.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Украина мен Ресей дереу келіссөздер бастайды. Ол тек уақытша атысты тоқтату ғана емес, толыққанды бейбіт келісім болмақ. Менің Владимир Путинмен әңгімем өте жақсы өрбіді. Путин, менімен қайтадан экономикалық байланысты жаңғыртқысы келеді. Онымен қоймай, оны дамытқысы келеді. Әрине, менің айтқаныма көнсе, ондай мүмкіндік жасауға болады.

Путин де, Трамптың айтқанын жоққа шығармады. Кезекті рет, Ресей Президенті бейбіт келісімге келуге дайын екендігін жеткізді.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл қоңырау өте мазмұнды болды десем, артық айтқаным емес. Бастысы, осы соғыстың алғышартына айналған мәселелерді шешсек болды, соғысты тоқтатуға әбден болады. Біз меморандум бойынша жұмыс істеуге дайынбыз.

Менсіз бәрібір ештеңе шеше алмайсыңдар, - дейді Украина Президенті. Владимир Зеленский де, Трамппен телефон арқылы сөйлескен. Украинаның тағдырына әсер ететін шешім, ресми Киевтің қатысуынсыз болмауы тиіс екенін Зеленский тағы ескертті.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – біз үшін аса маңызды әрі принципиалды мәселе. Путин осы уақытқа дейін бізді алдап жүр. Бұл әрекетін қайталатуға болмайды. Біздің сыртымыздан Трампқа басқа әңгіме айтып, келіссөздерде басқа әңгіме айтып жүр. Сондықтан, соғысты тоқтатамын, - деп алдыма келсе ғана сөйлесемін.

Израильге қарсы Батыс елдері санкция қабылдауы мүмкін. Ұлыбритания, Канада және Франция басшылары ондай мүмкіндікті жоққа шығармауда. Себебі, Израиль билігі Газа секторына құрлық әскерлерін кіргізіп, аумақтың Хан-Юнис қаласындағы бейбіт тұрғындарды күштеп эвакуациялап жатыр.