Бұған басты себеп – бағаның рекордтық өсуі, бос тұрған пәтерлер санының күрт артуы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соңғы 10 жылда Түркияда үй иелерінің үлесі 61,1%-дан 56,1%-ға дейін кеміген, тиісінше жалға алушылардың саны 22,1%-дан 28%-ға дейін көбейген. Жергілікті Karar газетінің дерегінше, бүгінде елде 24 миллионнан көп адам баспананы жалға алуға мәжбүр.
Сарапшылар бұл өзгерістердің негізгі бірнеше себебі барын айтады. Ол – жылжымайтын мүлік бағасының шарықтауы, ипотекалық мөлшерлемелердің жоғары болуы және тұрғын үйге бағытталған алыпсатарлық инвестициялар.
2015 жылдан бері Түркияда жылжымайтын мүлік құны 1815%-ға артқан. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдер арасындағы орташа көрсеткіштен 18 есе жоғары. Осы аралықта жалдау ақысы да 12 есе қымбаттап отыр.
Мысалы, 2015 жылы, яғни 10 жыл бұрын 500 мың түрік лирасына бағаланған пәтерлер осы күні 9,6 миллион лираға (шамамен 250 мың АҚШ доллары) бір-ақ жетті. Ал, мұндай баспананы ай сайын жалға алу 2,5 мың лирадан 32,5 мың лираға дейін (шамамен 850 доллар) көбейген.
2015 жылдан 2024 жылға дейін елде 6,94 миллион жаңа пәтер салынғанымен, олардың тек 5,31 миллионы ғана өз иесін тауыпты. Қалған 1,63 миллион пәтердің заңды иесі жоқ.
Бұл мәселе Түркияның ірі қалаларында ушығып тұр деуге болады. Ол жерлерде элиталық тұрғын үйлер инвестициялық мақсатта сатып алынады: олар не қайта сатылады не болмаса қымбат бағаға жалға беріледі. Ал қарапайым миллиондаған тұрғын үшін пәтер сатып алу қол жетпес арманға айналды, тіпті жалға алу да қиындап барады. Сарапшылар "жағдай бұлай жалғаса берсе, не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты" дейді.