$511.59 €575.28 ₽6.33
×

Елімізде үй жануарларының цифрлық паспорты әзірленді

AstanaTV
21.05.2025ж. 07:19
52
Елімізде үй жануарларының цифрлық паспорты әзірленді

 Енді үй жануарларының цифрлық паспорттары eGov Mobile қосымшасында қолжетімді. Жаңа қызмет туралы толығырақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарламасында айтылған.

— Ит, мысық және басқа да үй жануарларының иелері олардың мәліметтерін eGov Mobile мобилді қосымшасының «Цифрлық құжаттар» бөлімінен қарай алады. Барлық мәлімет TABAN — үй жануарларын есепке алу бірыңғай деректер базасынан жүктеледі. Бұл жүйеде тіркелген барлық үй жануары және оларға қатысты маңызды оқиғалар жазылып отырады. Цифрлық паспортта келесі мәліметтер қамтылады, жануардың жеке нөмірі, құжат нөмірі, аты, түсі, тұқымы, туған күні, ерекше белгілері, жануардың түрі мен жынысы, тіркелген мекенжайы, нақты тұратын мекенжайы, иесінің толық аты-жөні мен ЖСН, сондай-ақ чиптеу, стерилдеу және вакцинация туралы ақпарат мерзімі мен мәртебесі көрсетілген, — делінген хабарламада.

Қызметті пайдалану үшін:

eGov Mobile қосымшасына авторизациядан өтіп;

«Цифрлық құжаттар» сервисіне кіру қажет;

«Басқа құжаттар» бөлімінде жануар паспортымен танысу керек;

егер құжат көрінбесе, «Құжаттарды жаңарту» батырмасын басу қажет.

— Цифрлық төлқұжат ветеринарлық клиникаға барғанда, саяхатқа шығарда, көрмелерге қатысқанда немесе жануар жоғалған жағдайда оның деректерін жедел ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қызмет үй жануарларын жүйелі түрде есепке алуға, қаңғыбас жануарлар санын азайтуға және иелерінің жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді, — дейді ұлттық ақпараттық орталығынан.

Биыл наурыздағы жағдай бойынша жүйеде 224 мыңнан астам үй жануары тіркелген, оның ішінде 20 мыңнан астамы иесіз жануарлар.

Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.