Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Мемлекет басшысының Отбасы банк қызметін ауылдар мен моноқалаларға бағыттау жөніндегі тапсырмасы бойынша әлі күнге дейін нақты тетіктер белгіленбегенін сынға алды. Осы мәселе бойынша депутат вице-премьер Серік Жұманғаринге сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасы банктің қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн» деп нақты бағдар берген болатын.
– Бүгінде ауылдық аудандар мен моноқалаларда 8,7 млн адам тұрады, бұл Қазақстан халқының – 43 пайызы. Ал тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда 26,9 шаршы метр болса, ауылдарда бір адамға шаққанда небәрі 20,7 шаршы метрді құрайды, – деп нақтылады депутат.
Саировтың айтуынша, 2025 жылдың басында:
ауылдарда 9 мыңнан астам адам тұратын 1 200 үй апатты деп танылған;
моноқалаларда 2,3 мың адам тұратын 76 апатты үй бар.
2022-2024 жылдары пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйлердің 20 пайызы ғана ауылдық жерлерге тиесілі.
– Мұндай диспропорция, ең алдымен, ауыл тұрғындары үшін ипотекалық, Отбасы банкі өнімдерінің қолжетімсіздігімен және халықтың хабардар болуы деңгейінің төмен болуына байланысты. Отбасы банктің консультациялық орталықтары тек 4 моноқалада және 5 шағын қалада жұмыс істейді, ауылдар мен аудандардың көп бөлігінде мүлдем жұмыс істемейді, – деді депутат.
2024 жылы «Отбасы банк» АҚ бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ ауылдарда жеке тұрғын үй салуға қолжетімді қаржыландыруды ұсынатын «Асыл мекен» пилоттық бағдарламасын іске қосты.
Бұл жобаны іске асыруға Отбасы банкі өз қаражатынан 2 млрд теңге бөлді. «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша кезекте тұрғандар мен өтініш берушілерге қатысуға басымдық берілді. Қарыздың ең жоғары сомасы – 10 млн теңге. Алайда бағдарлама тиімді болғанына қарамастан, қаржыландыру тоқтатылып, жалғасын таппады.
– Отбасы банктің қызметін «аудан орталықтарына, моноқалаларға, ауылға бұру» туралы Президенттің тапсырмасы нақты іске асыру тетіктерінсіз қалып отыр. "AMANAT" фракциясы Үкімет Мемлекет басшысы Тоқаевтың тапсырмасына немқұрайлықпен қарауға жол бермеуі тиіс деп есептейді, – деп атап өтті Саиров.
Осы ретте депутат «AMANAT» партиясы фракциясының атынан Үкіметке мынадай нақты шаралар қабылдауды ұсынды:
1. «Асыл мекен» бағдарламасын қаржыландыруды ұлғайту
Шағын қалаларды қамти отырып, бағдарламаның бүкіл ел аумағында тұрақты іске асырылуын қамтамасыз етіп, республикалық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлуді көздеу.
2. Ауылға бейімделген ипотекалық өнімдерді әзірлеу
Ауылдар, моноқалалар және шағын қалалар тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5 %-ға дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10 %-дан бастап жеңілдікті ипотекалық өнімдер жасау. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттар үшін мөлшерлемелерді субсидиялауды қамтамасыз ету.
3. Жергілікті атқарушы органдармен үйлестіруді күшейту
Шығыс Қазақстан облысындағы «Бір қабатты Шығыс» және Жетісу облысындағы «Жерұйық» жобаларының табысты тәжірибесін пайдалана отырып, бағдарламаларды бірлесіп іске асыру үшін әкімдіктермен келісімдер жасасу.
4. Отбасы банкі консультациялық және ақпараттық сервистерінің географиясын кеңейту
Әр ауданда қызмет көрсету орталықтарын ашу, мобильді офистер ашу, бүкіл ел бойынша ақпараттық-ағарту науқандарын бастау.
Депутаттың айтуынша, Отбасы банктің қызметін қайта қарау – Қазақстанның әділетті, теңгерімді және қолжетімді болашағына жасалған қадам болмақ.