Солтүстік Қазақстан облысында өрт қауіпті кезең басталғалы бері 29 дала өрті тіркеліп, 283 гектар жер жанып кетті. Былтыр дәл осы кезеңде 4 га-да бір ғана өрт шықты.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин хабардар етті.
Күн жылынғалы Тайынша ауданында — 9, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда — 7, Ақжар және М. Жұмабаев аудандарында — 4 өрттен тіркелген. Сонымен қатар, құрғақ шөптің жанудың 160-тан астам фактісі тіркеліп, 410 гектарға жуық аумақ отқа оранды.
— Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 356 адам бар 55 мобильді топ құрылды, 418 рейд жүргізіліп, 78 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 66 — ескерту жасалса, жалпы сомасы 380 мың теңге болатын 12 — айыппұл салынды, — дейді Дмитрий Растихин.
Маманның айтуынша, алдын алу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмаған. Өрттің таралуын тежеу үшін ауылдардың айналасында 1588,3 км қорғаныс жолағы салынуы тиіс болса, бүгінде тек 808,3 км жасалған. Мәселен Қызылжар ауданы 217 шақырымның тек 25-ін ғана жыртқан.
— Жауапты органдар профилактикалық жұмыстарды күшейткенімен, бірқатар аудандарда қауіпсіздік шаралары жеткіліксіз. Облыс бойынша 538 елді мекен бар болса, соның 277-сінде ғана шөп пен қоқыстан тазарту жұмысы атқарылған. Облыс орталығында бұл жұмыс жүргізілмеген, — дейді Дмитрий Растихин.