Әлемдегі мегажұлдыз Дженнифер Лопес Қазақстанның бір емес, екі қаласында концерт беретіні белгілі болды. Бұл туралы Динара Сәтжанға берген сұхбатында «Астана концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«10 тамыз күні Алматыда Дженнифер Лопестің Қазақстандағы екінші концерті өтеді», - деп жазды Динара Сәтжан.
Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік турнесі аясында осы жазда, дәлірек айтсақ, 1 тамыз күні Қазақстанның астанасында өнер көрсетеді. Оның концерті туралы Мәлік Хасенов үкіметтің отырысында да айтқан еді.
«Сіздерге Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін тарихи оқиға болатын бірегей жобаны таныстырып отырғаныма қуаныштымын. Бірінші тамызда «Астана арена» стадионында бүкіл әлемге танымал әнші Джениффер Лопестің концерті өтеді. Концерт толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылады», - деді ол.
Осы орайда Хасенов Дженнифер Лопестің концерті ел экономикасына қалай әсер ететініне тоқталды.
«Сырттан 15 мыңнан астам турист келеді деп күтіп отырмыз. Қаланың экономикасына, HoReCa жүйесіне (яғни қонақ үй, тамақтану орындары және тағы басқа) 6,5 млрд теңге және концертті өткізуден бюджетке 400 млн теңге тікелей салық түсімдері түседі», - деді ол.
Премьер-министр Олжас Бектенов әлемдік деңгейдегі жұлдызды Қазақстанға тартқан «Астана концерт» компаниясын мақтады.
«Біз сізбен бірнеше рет кездесіп, әлемдік жұлдыздарды тарту жоспарыңызды талқылаған едік. Осы жұмыс қолдарыңыздан келгеніне қуаныштымын. Бұл ұзақ жол болғанын білемін. Өйткені осындай концертті ұйымдастыратындар өте жоғары талаптар қояды. Сол себепті бұл жақсы. Қазақстанды осы тектес концерттер үнемі өтетін орынға айналдыру үшін осы жұмысты жалғастыру қажет. Үкімет тарапынан қажетті қолдауды көрсетеміз», - деп сендірді Бектенов.
Ал, Дженнифер Лопестің концертіне билет сататын күні www.ticketon.kz сайты құлап қалды. Олар билет сатып алатын нөмірлерді көрсетіп, техникалық себептерге байланысты сайт уақытша жұмыс істемейтінін жазған. Концерт «Астана Арена» стадионында өтеді.