Былтыр Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы алыс-беріс 11,4 млрд долларға жетті. Бұл- еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары еселеп артуы мүмкін. Будапеште өткен бейресми саммитте Мемлекет басшысы бауырлас халықтар арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет екенін айтты. Осы мақсатта арнайы құжат әзірлеуді ұсынды. Алқалы жиында көтерілген өзекті мәселелерді Сүндет Оралбек жіпке тізді.
Будапешт. Кәрі құрлық төріндегі көне шаһар. Бүгінде мажар жұрты тұғырлы мемлекетке айналған. Бейресми саммитке қатысушылардың барлығын түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиынды өте жоғары деңгейде өткізгені үшін елдің Премьер-министрі Виктор Орбанға алғысын білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бәрімізді түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алып жатсыздар. Мұны, шын мәнінде, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп санаймын. Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз.
Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс. Бейресми саммиттің дәл осындай атаумен өтуі тегін емес. Мұндай басқосулар ұйым аясындағы ынтымақтастықтың мәнін арттыра түседі. Бүгінде Қазақстан түркі жұртының бірлігін бекемдей түсетін бірқатар кешенді шешімдер қабылдады. Атап айтсақ, Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі тағайындалды. Орталық сайлау органдарының консультативтік платформасы құрылды. Оның алғашқы отырысы киелі Түркістанда табысты өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ортақ келісім бойынша биыл маусым айынан бастап Алматы қаласы «Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы» атанады. Осылайша, біз түркі бірлігін нығайтамыз.
Ұйым құрылғалы түркі халықтары арасындағы түйінді мәселелердің түйіні тарқады. Бірнеше келісімдер мақұлданып, бірқатар жобалар жүзеге асты. Мемлекет басшысы қол жеткізген келісімдерді сақтау қажет деп шегелеп айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Тағы бір аса маңызды мәселе, бұл – біздің Ұйымның шеңберінде қабылданған құжаттардағы ережелерді қатаң сақтау. Процедура мәселесі болсын, саяси және экономика сұрақтары болсын – келісімдердің ережелерінің барлығын құрметтеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек.
Соңғы уақытта тарифке қатысты оқиғалар жиілеп кетті. Бұл жаһандық сауда саясатында үлкен өзгерістерге себеп болуда. Мұндай дағдарыстар түрлі сын-қатерлер тудыратыны анық. Дегенмен, жаңа мүмкіндіктерге де жол ашуы мүмкін. Осы мақсатта Мемлекет басшысы ұйымға мүше елдерді өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша бірлесе әрекет етуге шақырды. Сондай-ақ, Президент Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыруды стратегиялық міндет ретінде атады. Бұдан бөлек, мұнай, газ, уран және тағы да басқа тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру ісінде Ұйымның әлеуетін пайдалану қажет екенін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек. Осыған орай, сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын.
Мемлекет басшысы цифрландыру, ауыл шаруашылығы салаларына ерекше тоқталды. Табиғи апаттарға қарсы тұру мәселесін де тілге тиек етті. Соңғы жылдары Каспий теңізі айтарлықтай тартылып кетті. Бұл жағдай аймақтың экологиясы мен экономикасына, халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізуде. Президент түркі елдерін осыған қатысты бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ жобалар әзірлеуге үндеді. Саммит қорытындысы бойынша Президенттер 4 құжатқа қол қойды. Барлығы да ұйымға мүше елдердің ынтымақтастығын арттыруға бағытталған.