Павлодарда мердігер мекеме жер астының лас суын өзенге ағызып жіберген. Ал Май ауданына қарасты Жаңатілек ауылының халқы осы өзен суын тұтынады. 50-дей ғана түтіні бар елдімекенге тіршілік нәрі тартылмаған. Бұқара өзенді бұлғағандардың кесірінен ауру жұқтырамыз ба - деп алаңдайды.
Май ауданының ауруханасы көп жылдан бері жер асты суынан зардап шегіп келді. Көктемде жертөле суға толады. Мәселені шешу үшін былтыр қазынадан 610 млн. теңге бөлініп, дренажды жүйе салынды. Алайда, жұмыс сапасыз жүргізілгендіктен қыстай жиналған жер асты суын мердігер мекеме Ертіс өзеніне ағызған.
БАҒЛАН ЗИЯБЕК, МАЙ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Труба арқылы Ертіс өзеніне ағып жатыр. Осы судың қайдан шыққаны белгісіз. Сапасы қандай екені белгісіз. Ең алдымен экология департаментінен рұқсат алу арқылы, лабораториямен тексеру арқылы судың құрамы анықталып, онан кейін ғана өзенге жіберілсе болатындығы жазылған.
Ал аудандық аурухана дренажды жүйені қабылдап алудан бас тартқан. Дегенмен де, тапсырыс беруші өңірдің Құрылыс басқармасы болғандықтан, олар актіге қол қойып, мердігер ұйымға қаражатты төлеп тастаған. Ал аудандық аурухананың кәріз жүйесінен ақау шыққан.
МЕЙРАМБЕК ҚЫЗЫР, МАЙ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
1 айға жуық уақыт ассенизатор машинасы сынып, жөндеуде тұр. Қыс бойы бұл жұмыстар сирек атқарылды. Күніне 8-10 автокөлік тасымалдап, кәріз суларын қоқыс алаңына төгетін. Бүгін біз осы мәселеге күмәнмен қарап, арнайы мониторинг жүргізіп, аурухана ауласындағы кәріз құдықтарын қарадық. Құдықтар құрғақ. Демек тұрғындардың күдігі расталып отыр. Кәріз сулары мен дренаж суларының араласып кету мүмкіндігі өте жоғары.
Ал кәріз суы мен жер асты суы араласса, халық зардап шегуі мүмкін. Осы Ертіс өзенінің суын төменгі жақта орналасқан Жаңатілек ауылының халқы тұтынып отыр. 50-дей ғана тұрғыны бар елдімекенге тіршілік нәрі тартылмаған. Біз мәселені екі жыл бұрын көтерген болатынбыз.
ҚАЙЫРБЕК ШАМСҮЛЕЕВ, ЖАҢАТІЛЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз де ішеміз, мал да ішеді. Сапасы туралы білмейміз. Әйтеу ағынды су болғандықтан, алып ішіп жатырмыз. Басқа су жоқ ішетін.
Жобада ауруханадан өзенге құбыр тарту жағы қарастырылмаған. Алайда, тапсырысты орындаушы жерді қазып, өзенге су жіберетін құбыр салыпты. Аудан әкімінің сөзінше, бұндай жұмыстар жобада жоқ. Сол себепті бұл мәселені анықтап, заң бұзушылық болса жауапқа тартылатынын жеткізді.
ҚАДЫЛЖАН СӘТИЕВ, МАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мердігердің егер де жобаны бір кемшіліктерімен жасаған болса, ертең оның кепілдігі бар. Және ресми түрде тапсырыс берушінің жауабы бар. Жалпы бұл айдың соңына дейін барлық кемшіліктерді жою жұмыстарын іске асырады. Кейбір жерде асфальттың құлап жатқан жағдайы да бар. Соның бәрін де мердігер өз қаражатынан бөліп, өзі қалпына келтіреміз деп айтты.
Ал жер асты суын өзенге жіберу үшін мердігер ұйым ешкімнен рұқсат алмапты. Құзырлы органдар бұл мәселе бойына тексеру жұмыстарын бастады.
ЕЛЕУСІЗ ҚАМБАРОВ, “ЕРТІС БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫ” РММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі таңда біздің бас маман депутаттармен бірге сол жерге Май ауданына іс сапарға шықты. Соның бәрін қарауға соның бәрін визуальный осмотр дейді ғой соны көріп, содан кейін келгеннен кейін заңды түрде шаралар қолданатын болады.
Кәріз суы мен жер астының суының қосылған, қосылмағанын енді құзырлылар анықтамақ. Олар судың сапасын тексеруге кірісті.