Трамп ғарышқа да қару жібереді. АҚШ Президенті «Алтын шатыр» атты жобаның басталуы туралы жарлыққа қол қойды. Ол бойынша мыңдаған заманауи жер серіктері жау зымырандарына тосқауыл болмақ. Ал, Ұлыбритания алғашқы болып, Израильмен бүкіл шарттарды үзіп санкция салмақ. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Қытай мен Ресейден қауіп төнсе, АҚШ ғарыш арқылы да шабуылды тойтара алады. АҚШ Президенті Дональд Трамп «Алтын шатыр» жобасының басталғанын хабарлады. Оның құны 175 млрд доллар болмақ. Зымыранға қарсы қорғаныс кешені қарапайым радарлар секілді жұмыс істемейді. Ол үшін ғарышқа заманауи жер серіктерін жіберу жоспарлануда.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Алтын шатыр» елімізді қорғайды. Рональд Рейган өткен ғасырда бұл туралы армандап кеткен. Бірақ, ол кезде ондай технологиялар болмады. Менің Президенттік мерзімім аяқталғанда, яғни, 2029-ы жылы толыққанды іске қосылып, Американы кез-келген жаудан қорғай алады.
Ұлыбритания сөзден іске көшті. Ресми Лондон Израильге қарсы санкция салу мәселесін шешіп жатыр. Жақын арада бірқатар шектеулер қабылдануы мүмкін. Күні кеше Ұлыбританиямен қатар, Франция мен Канада Израильге ескерту жасаған еді. Олар, Тель-Авив Газа секторындағы ауқымды әскери операцияны тоқтатып, гуманитарлық көмекті халыққа таратсын деп талап етуде.
ДЭВИД ЛЭММИ, ҰЛЫБРИТАНИЯ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Біз қазіргі жағдайдың күннен-күнге ушығып бара жатқанына қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Бұл – британ халқының құндылықтарына және Ұлыбритания мен Израиль арасындағы екіжақты келісімдерге қайшы келеді. Бүгіннен бастап, біз Израильмен еркін сауда туралы шартты бұзамыз. Осы уақытқа дейін Израильге қауіп төнген кезде көмектесіп келдік. Бірақ, бұл жолы сіздерді қолдай алмаймыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, Газа секторында аштықтан өлген балалардың саны мыңнан асты. Оларды құтқаруға болар еді. Алайда, Израиль гуманитарлық көмекті кіргізбегендіктен, азық-түлік те жарамсыз болып қалған.