$510.59 €578.91 ₽6.37
×

25 мамырдан бастап қандай телефондар бұғатталады

AstanaTV
22.05.2025ж. 09:24
90
25 мамырдан бастап қандай телефондар бұғатталады
Фото: pixabay

Елімізде 25 мамырдан бастап заңсыз әкелінген телефондар бұғатталады, деп хабарлайды 24kz.

Мобильді құрылғылардың IMEI-кодтарын міндетті түрде сәйкестендіру жүргізілмеген жағдайда жұмысына шектеу қойылады. Өзгеріс кәсіпкерлерге де қатысты.

«Бұған дейін сатып алынған, бірақ әлі іске қосылмаған гаджеттерді де тіркеу міндетті. Жаңа ереже ұялы телефондардың көлеңкелі айналымын қысқартуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған», - деп түсіндірді телеарна.

Қазір телефон ұстаған көпті осы сұрақ алаңдатып отырғаны белгілі. Қолданыстағы құрылғы елге заңды түрде әкелінген болса, ешқандай шектеусіз жұмыс істей береді.

2024 жылы Қазақстанда 5 миллионға жуық смартфон сатылған. Оның 3 млн 750 мыңнан астамы заңсыз елге кірген.

Ұлттық статистика бюросы ақпарынша қазір қолданыста 25 млн-нан аса телефон бар. Соның бар болғаны 4 миллионнан астамы ғана сәтті тексеруден өтіп үлгерген. Осы жексенбіден бастап верификация рәсімі заңды тұлғалар – импорттаушылар, ресми өкілдер және уәкілетті сервис орталықтары үшін міндетті болады.

«Қазіргі қолданыстағы смартфондардың басым бөлігі көлеңкелі айналымда. Сол себепті абоненттік құрылғыларды верификациялау тәртібі енгізіліп, kz-imei.kz порталы арқылы тіркеу және заңдылықты тексеру механизмі іске қосылып отыр», - делінген хабарламада.

Бұл алдымен тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, салықтық түсімді арттыруға және заңсыз сауданы қысқартуға бағытталған. Азаматтар мен кәсіпкерлер ендігі жерде осыны ескеруі керек.

Ресми дерекке сүйенсек, қазіргі қолданыстағы ұялы телефондардың басым бөлігі көлеңкелі айналыммен елге кірген. Өткен жылы қазақстандықтар сатып алған смартфондардың 75%-і заңсыз саудаланыпты. Тиісінше, бюджетке де келген шығын аз емес, 80 млрд теңгеге жуықтайды. Жаңа ережені енгізудегі басты мақсат та осы болып отыр.

«Жаңа ереже негізінен смартфон жеткізушілер мен ресми сервистік орталықтарға бағытталған. Олар сатылатын құрылғыларды алдын ала сәйкестендіруге міндеттеліп отыр», - дейді мамандар.

Телефонның көлеңкелі жолмен жеткізілгені анықталса, бірден істен шығады. Сол себепті де азаматтар алдымен смартфонының рәсімделгенін тексеріп алу керек. Ол үшін арнайы kz-imei.kz онлайн-порталы іске қосылған. Сол арқылы құрылғының заңдылығын тексеріп, сәйкестендіруге болады.