Қазақтың өнерпаз ұлы Димаш Құдайбергеннің ғажайып үні тек әлем тыңдармандарының жүрегін жаулап қана қоймай, олардың өмір жолына да терең әсер етіп келеді. Соның жарқын дәлелі ретінде Швейцария азаматшасы Эстер Ульманның Димашқа арналған жаңа кітабы жарық көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Димаш және Қазақстан: менің өмірімді қалай өзгертті» атты туынды – тек әншінің шығармашылығына таңданыс емес, сонымен бірге рухани байланыс, қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілік және шынайы әсерге толы сапар естеліктері.
Кітапта автор алғаш рет Қазақстанға аяқ басқан сәтінен бастап, ұлттық дәстүрмен танысуы, халқымыздың қонақжайлығы мен ықыласына бөленген сәттерін тебіреніспен баяндайды. Эстер Ульманның айтуынша, Димаштың музыкасы оның өміріне мүлде жаңа бағыт берген.
Музыка – тіл мен шекараға тәуелсіз қуат. Мен Димаш арқылы Қазақстанды аштым, өз өмірімнің жаңа мағынасын таптым, – дейді автор.
Швейцариялық жанкүйердің Димашпен алғашқы жүздесуі 2022 жылы Алматыда өткен концерт кезінде болған. Содан бері ол жыл сайын елімізге сапар шегіп, қазақ елінің түрлі өңірлерін аралап, мәдениетімізді тереңірек танып келеді.
Жобаның идея авторы Әділет Төлеудің айтуынша, аталған кітап қазақ және ағылшын тілдерінде басылып шыққан. Кітаптың тұсаукесері 25 мамыр күні сағат 11:00-де Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өтеді.