$507.07 €572.53 ₽6.37
×

Қазақстаннан із-түссіз 15 миллиард доллар шығарылған

AstanaTV
22.05.2025ж. 16:23
78
Қазақстаннан із-түссіз 15 миллиард доллар шығарылған

Қазақстаннан шамамен 15 миллиард доллар көлемінде криптоактивтер шығарылған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"Бүгінгі күні елден шығарылған криптоактивтердің көлемі 15 миллиард долларды құрап отыр. Бұған себеп азаматтардың криптоактивтерге еркін инвестиция сала алуы үшін әкімшілік-құқықтық реттеу жеткіліксіз болды", – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Шолпанқұловтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда цифрлық активтер нарығын реттеу бойынша заңнамалық тәсілдер әзірленіп жатыр. Ерекше көңіл заңсыз жолмен қаражат шығаруды тоқтатуға бөлінеді.

"Қазір біз бұл бағыттағы тәсілдер әзірленгенін және алдағы уақытта жүзеге асырылатынын айтып отырмыз. Екінші мәселе – заңсыз жолмен қаражат шығаруға тырысқан адамдарды қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту", – деді ол.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары болашақта халықаралық криптовалюта операцияларын бақылау жүйесінің технологиялық мүмкіндіктері арқылы кім, қайда, қанша қаражат шығарғанын анықтау мүмкін болатынын атап өтті.

"Бәлкім, біз де брифинг өткізіп, қаражатты "көлеңкелі" аймақта қалай және кім жұмсағанын аты-жөнімен жариялайтын шығармыз. Бұл – әкімшілік және қылмыстық қудалауға қатысты шара болады", – деді Шолпанқұлов.

Журналистер бұрын шығарылған 15 миллиард доллардың ізі бар ма деп сұрады.

"Қазіргі таңда жоқ. Бірақ біз халықаралық жүйеге мүше болған соң, бәрі көрінетін болады. Мүмкін, жеке брифинг өткізіп, қаражаттың қашан, кім арқылы шығарылғанын, кімнің қандай криптоәмиянында заңсыз қаражат сақтап отырғанын жариялаймыз. Технологиялық мүмкіндік бар, тек уақыт қажет", – деп уәде берді Берік Шолпанқұлов.