Түркістан облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жылдың төрт мезгілінде, ауа райының ыстық-суығына қарамастан жол бойында қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етеді.
Жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін сақтауды түсіндіріп, керек кезде қол ұшын да береді. Мәселен күні кеше Самара – Шымкент тасжолының 17-60 шықырымында Самарадан Бішкекке жолға шыққан шетел азаматының Chevrolet автокөлігі мен тіркемесінің дөңгелегі жарылып, жолда қалып қойған.
Осы аумақта патрульдеу бағытында қызметте жүрген полиция қызметкерлері Асылжан Оразалиев пен Ербол Даулетқұл жол бойында тұрған көлік иесін көріп, бірден тоқтап, мән-жайды сұрап, көмек көрсетті. Яғни жүргізушінің жарамсыз дөңгелегін ауыстырып берді.
Осылайша шетелдіктің сапарын ары қарай жалғастыруына ықпал етті. Бірнеше сағат жол бойында тұрып қалған жүргізуші, өзін көрген сәтте тоқтап, көмектескен полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.