Трамп тағы бір елдің Президентімен ерегесті. Ақпан айындағы Зеленскиймен ұрыстан кейін, өз кабинетінде бір қауым жұрттың алдында Оңтүстік Африка Республикасының Президенті – Сирил Рамафосаны жер қылды. Ал, Израиль өз ойын жасырмайтын болған. Ол аймақты толығымен жойып жіберу туралы жоспарымен бөлісті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп Ақ Үйді дипломатия емес, ерегіс алаңына айналдырған секілді. Зеленскийден кейін екінші мемлекет басшысы АҚШ Президентінің тепкініне ұшырады. Бұл жолы Оңтүстік Африка Республикасының Президенті – Сирил Рамафоса соққы астында қалды. Журналистердің ойынша Илон Макстың туған жері болғандықтан, Трамп қысым көрсетуге шешім қабылдаған. АҚШ Президенті камералар алдында әріптесін ақ нәсілді азаматтарды қырып жатырсың, - деп айыптап, жаппай жерлеу орындарын көрсетті.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен бұндай сұмдықты өмірімде көрген емеспін. Оңтүстік Африка Республикасы ақ нәсілді азаматтардың жерлерін тартып алып, өздерін өлтіруде. АҚШ бұған қол қусырып қарап отырмайды. Бұл үшін жазаланасыздар. Оған қоса, елдеріңізді қаржыландыруды тоқтатамын. Барлық кінәлілер сазайын тартуы керек.
Сирил Рамафоса, бұдан хабарсыз екенін айтып ақталуға тырысты. Оның үстіне, тергеу жүргіземін, - деп уәде берді.
СИРИЛ РАМАФОСА, ОАР ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз бүкіл әлемге әйгілі Нельсон Манделаның ұрпағымыз. Біз қантөгісті көп көрдік. Сондықтан, бейкүнә адамдарды қырып-жоюдан аулақпыз. Елге қайтқанда бірден тергеуді бастаймыз. Егер барлығы расталса, кінәлілер жазаланады.
Израиль Газа секторын толығымен жойып жібермек. Бейбіт тұрғындарды аумақтан қуып, қалғанын жермен-жексен етеміз. Бұндай мәлімдемені Премьер-министр Биньямин Нетаньяху жасады.
БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біздің 20-ға жуық тұтқын әлі тірі. Біз барлығын қайтарамыз. Ал ХАМАСТЫ толығымен жойып, Газа секторын қауіпсіз аймаққа айналдыруымыз керек. Біз еріккеннен соғысып жатқан жоқпыз. Бірақ, соғысудан қорықпаймыз. Жақын арада Газа секторынан дым қалмайды.
Алайда,Израиль халықаралық қауымдастық жасаған қысымнан кейін, гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктерін кіргізе бастады. Бірақ, олардың саны шектеулі. Тель-Авив бір адамға шаққандағы азық-түлік шектеулі көлемде болатындықтан, барлығын кіргізбейтіндерін айтуда.