Құрамында қылмыс болмаған істер бойынша мемлекет кешірім сұрап, азаматтарға келтірілген залалды өтеуі тиіс. Сенатор Амангелді Нұғманов осылай дейді. Оның айтуынша, елімізде негізсіз қозғалатын қылмыстық істер жиілеген. Мәселен, өткен жылы дәлелдің жеткіліксіздігінен 80 мың іс тоқтатылыпты. Ал әрбір осындай істің артында адамның өмірі, бизнесі мен абыройы жатыр дейді,-депутат.
АМАНГЕЛДІ НҰҒМАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Негізсіз қылмыстық істерді бастағаны үшін азаматтар мен бизнестің беделіне, қаржысына және мораліне зиян келтірілген құқық қорғау органдары лауазымды тұлғаларының жеке жауапкершілігін қарастыратын нақты механиз мәзірлеу керек. Құрамында қылмыс болмаған істер бойынша мемлекет тарапынан жария кешірім сұрау, залалды өтеуге міндеттемесін заңнамалық өзгерістер енгізу керек.
Ал, депутат Геннадий Шиповских ұсақ бұзақылық дерегі көбейіп барады деп дабыл қақты. Ел ішінде ұрлық, орынсыз жанжал, бейәдеп әрекеттер мен көпшілік алдында төбелес секілді келеңсіз көріністер жиілеп кетті дейді. Бұл өз кезегінде жұртшылықтың әділет пен тәртіпке деген сенімін әлсіретеді деп алаңдайды.
ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бұзақылыққа қарсы күресті күшейту үшін Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдау қажет. Біріншіден, бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі кешенді ұлттық жоспар қабылдау керек. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдарының профилактикалық жұмыстарын күшейтіп, учаскелік полиция инспекторларының әлеуетін арттыру маңызды.