$507.07 €572.53 ₽6.37
×

Павлодарда жас мамандарға жағдай жасалмай жатыр

22.05.2025ж. 20:00
60
Павлодарда жас мамандарға жағдай жасалмай жатыр

Павлодар облысында дәрігер тапшы. Өңірде 104 медициналық қызметкерге сұраныс бар. Мәселен, Май ауданында акушер, кардиолог, окулист секілді мамандар атымен жоқ. Басы ауырып балтыры сыздаған жұрт облыс орталығына баруға мәжбүр. Ал ауылға келген жас мамандар тұрақтамайды. Оған баспананың жоқтығы себеп болып тұр.

Орынбек Жағыпаров - Май ауданына қарасты Ақшиман ауылына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша келген. Ол ауылдағы медпункте фельдшер болып жұмыс істейді. Алайда, әкімдік жас маманға үй бермеген. Ескі медпунктің бір бөлмесінен орын беріпті. Көрер көзге жұтаң көрінген бөлмеде төсектің өзі жоқ.

ОРЫНБЕК ЖАҒЫПАРОВ. АҚШИМАН АУЫЛДЫҚ МЕДПУНКТ ФЕЛЬДШЕРІ:

Қазіргі жағдайда осындай условияда тұрам өздеріңіз көріп тұрғандай. Жағдай жасалса, жақсы болар еді. Ыңғайсыз біраз условия жасамаған. Үй берілсе, жаңадан үй салынса, сондай условилар жасалса, жас мамандар қалады келіп қызмет атқара береді. Жағдай жасалмаса, ешкім келмейді ғой.

Бұған дейін ауылға бірнеше жас маман келген. Бірақ, жағдай жасалмаған соң, кетіп қалыпты. Орынбектің де жайлы орын табылмаса, кетіп қалуы ғажап емес. Ал ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, Орынбекке барады.

ҚАТИРАШ ҚАЙСИНА, АҚШИМАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Келсе кім қай жерде отырарларын білмейді. Енді соған көмек болып үй салып берсе жаңадан. Жаңа мамандар келіп жатыр, міне жерге. Дәрігер, медсестра келіп жатыр.

Жас маманды ауылға алдырарда аудан әкімдігі барлық жағдайыңды жасаймыз - деп уәдені үйіп төгіпті. Алайда, оның бірде біреуі орындалмаған. Ауылда мұғалім де тапшы.

ҚАЙЫРҒАЛЫ БАҚАУОВ, АҚШИМАН АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгінгі күні біз сұраныс жазып жатырмыз. Мамандарға қызметтік пәтер керек қажет деп ол бүгін ғана емес, бір екі, үш жыл жазылып сұралып келе жатыр. Аудан басшылары бәрі біледі. Қолдаймыз деп те отыр.

Ауыл әкімінің сөзінше, баспана мәселесі жақын арада шешілмейтін сияқты. Тұрғын үй салу, ескі үйлерді жөндеудің жобасы да жоқ. Бұндай ауылда жас мамандардың тұрақтап қалуы екіталай. 70-тей түтіні бар елдімекенде 300 адам тұрады.