$507.07 €572.53 ₽6.37
×

Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданының тұрғындары аптап ыстықта судан сусап отыр

Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданының тұрғындары аптап ыстықта судан сусап отыр

Түркістан облысындағы Сарыағаш қаласының тұрғындары аптап ыстықта судан сусап отыр. Тіршілік нәрінен әсіресе Телемұнара мен Көктөбе мөлтек ауданының тұрғындары қатты тарығуда. Тұрғындар тығыз орналасқан бұл аумаққа таза су төрт күнде бір беріледі.

Мадияр Тілеубеков ауласындағы құдықты қолдан жасап алған. Апта сайын алты тонна су сатып алып, осында сақтайды. Сегіз баланың әкесі мұның өзін үнемдесек те жетпей қалады дейді.

МАДИЯР ТІЛЕУБЕКОВ, САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күннің ыстығын көріп тұрсыздар. Балалар ойнайды, кір болады. Жуындырамыз. Жуындырмасақ үстерін жара басып кетіп жатыр. Су шақ келмейді бізге. Өкіметтен су әр төрт күн сайын келіп жатыр. Әр төрт күн сайын келгенде де 500 литр су да ала алмаймыз ол судан.

Көктөбе мен Телемұнара елдімекендерінде 1400-ге жуық үй бар. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту үшін бес жыл бұрын арнайы ұңғыма қазылған. Бірақ одан шығатын судың мөлшері тым аз.

ГҮЛЖАН ДӘУРЕНБАЕВА, САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

20 жылда бір ағып тұрған су көрген жоқпыз ғой. Мен өзім 4 күнде бір деген судың өзінде қазір 12 күн болды, бір тамшы су аққан жоқ біздің үйімізге. Енді қашанғы суды сатып ала береміз.

Тұрғындар төрт күнде бір берілетін тіршілік нәрі екі сағаттан артық ақпайтынын айтады. Бұрындары текше метріне 35 теңге төлесек, қазір 105 теңгеге жетті дейді.

ЖҰМАҒАЛИ АХМЕТОВ, САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

4 күнде келетін суға 12 мың, 8 мыңнан, ең төмен төлегеніміздің өзі 6-7 мың теңге болды. Оның арасында тағы бір екі рет су таситын водовоздармен су кіргіземіз. Жалпы есептейтін болсақ, судың ақшасы 30-40 мыңның үстіне кетіп қалады.

Мамандар қазіргі ұңғыманың 800 –дей тұтынушыны ғана қамтамасыз ете алатынын айтады. Бірақ бүгінде мұндағы тұрғындар саны екі есеге жуық өскен. Сондықтан жетпей жатқанын жасырмайды. Тығырықтан шығу үшін қазір қосымша Өзбекстаннан келетін каналдан су тарту мәселесі қаралып жатыр.

СЕРІК ҚАРАҚҰЛОВ, САРЫАҒАШ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Р-1 каналы қазір құрылысы жүріп жатыр. 60-70 пайыз жұмысы атқарылды деп айтса да болады қазір. Сол біткеннен кейін қосымша су қосылады. Сарыағаш қаласында шешілмей жатқан мөлтекаудандарда барлығы шешіледі. Осы жыл соңына жоспарланып отыр ол.

Сарыағаш қаласында ауыз су мәселесі -өзекті мәселенің бірі. Мұндағы 70 мыңға жуық халықтың 30 проценті тіршілік нәріне әлі жарымай отыр.