"Туризмді дамытып, халықты жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешу қажет". Ақтаулықтар облыс басшылығымен кездесуде осылай деді. Өңірде «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында азаматтарды бірыңғай қабылдау өтті. Мемлекеттік қызметшілер күні бойы 600-ге жуық тұрғынды қабылдады.
Тұрғындарды қабылдау таңғы сағат 9-да басталды. Түске дейін 200-ге жуық азамат келіп үлгерді. Халық белсенділік танытып, мәселе айту үшін аймақтың түкпір-түкпірінен жиналды.
ӘСЕЛ БАЛМАНОВА, ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қуантатын жағдай Бейнеу ауданынан және Қарақия, Түпқараған ауданынан келген азаматтардың мәселелері толыққанды шешіліп отыр. Ескере кету керек, аталған шараға бүгінгі таңда аудан, қала әкімдері толығымен қатысып отыр. Басқарма, департамент басшылары да толығымен қатысып отыр.
Тұрғындардың дені жұмыссыздық мәселесін қозғады. Сондай-ақ тұрғын үй, жер, зейнетақы төлемі мен басқа да проблемалар сөз болды.
МҰХТАР ТӘУЕКЕЛОВ, ТҰРҒЫН:
Мен өте көңілді болып бара жатырмын. Жұмыс мәселесі де шешілді. Медицина саласы да шешілді. Жер мәселесі де шешіліп қалды. Енді оған уақыт ғой үстем. Бәрі жақсы ойдағыдай. Келдік уайымдап, енді көңілді кетіп бара жатырмыз.
Әкімдік қызметкерлері азаматтарды қабылдау уақытын шектеген жоқ. Мамандар мәселесін айта келген соңғы тұрғынға дейін қабылдады.