Елімізде алғаш рет «Қазақстан балалары» ұлттық онкүндігі басталды. Акция Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылуда. Науқанға байланысты Мәдениет және ақпарат министрі бейнеүндеу жариялады. Аида Балаева мемлекет әр бала үйде ғана емес, қоғамда да қамқорлық пен сүйіспеншілікке бөленуі үшін барлық жағдайды жасап келетінін атап өтті. Айта кетейік, биыл министрлік бала тәрбиелеуге бағытталған отандық және үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген «Ата-ана академиясы» жобасын іске қосты. Жақын арада арнайы онлайн платформа жұмысын бастайды.
АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Мемлекет басшысы төрағалық еткен Үшінші Ұлттық Құрылтайда берілген тапсырмаға сәйкес, Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бұл бағдарлама еліміздегі балалардың өзекті мәселелерін шешуге арналған, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін тұтас ұлттық жүйе болмақ.