Астанада ұрының зергерлік дүкендегі қылмысы видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өлшеп көрмек болған
Полицияға алтын бұйым сататын бутиктің иесі шағымданды. Ол белгісіз біреудің сауда нүктесінен алтын сақинаны ұрлап кеткенін хабарлаған.
«Бейнебақылау камералары бұл құпияны ашуға көмектесті. Жедел уәкілдер жазбаларды қарап, күдіктінің сатушыны алаңдатып, бірнеше ерлерге арналған мөрлі сақины «өлшеп көргісі келетінін» айтып, сол сәтте бір сақинаны қалтасына салып, дүкеннен шығып кеткенін анықтады», - деп жазылған хабарламада.
Келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгеден асады.
Күдіктінің 8 ұрлыққа қатысы бар
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 54 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының тумасын ұстады. Ол өз кінәсін мойындады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, ер адам бұрын да бірнеше рет сотталған. Тергеу барысында оның осындай тағы 8 ұрлық дерегіне қатысы бар екені анықталды.