«Маскадағы адам» деген атпен танымал қайырымды азамат тағы бір игі іс жасап, мұқтаж отбасыға пәтер сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
14 жастағы Сержан аурушаң ата-анасымен, әпкесімен бірге бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады.
«Менің атым Сержан, жасым 14-те. Әкемнің көзі көрмейді. Анам талып қала береді. Әпкемнің көру қабілеті төмен. Сана-сезімі дұрыс дамымаған. Біз жалдамалы бір бөлмелі үйде тұрамыз. Мектептен бос уақытымда жұмыс істеймін. Адамдарға жүк тасуға көмектесемін. Нан таба алмай қалған кезіміз өмірімдегі ең қиын сәт болды», - деді Сержан.
«Алладан аш қалмасақ екен, ең бастысы ата-анам аман болса екен деп сұраймын», - дейді ол.
Баланың ерік-жігері мен батылдығына тәнті болған қайырымды жан олардың өмірін жеңілдету үшін отбасыға баспана алып беруге және қарызын жабуға шешім қабылдады.
Бұл оқиға Қазнетті тағы бір сілкіндірді. Жазба астындағы пікірлерде қазақстандықтар «Маскадағы адамға» алғыс айтып жатыр жатыр.
«Жүрегім езіліп кетті. Ата-анасы аман болсын. Алла разы болсын сізге», «Осы бала Аллаһтың қалауымен байып кетіп, өзі сияқты үйсіз-күйсіз өмірдің ауыр сынағына сынбай жүргендерге көмек берсін, әумин», «Кішкентай балақай бірақ үлкен адам секілді ойлап, өмір сүріп жүр. Өте мықты жігіт екен», - деп жазды желі қолданушылары.