АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға ресми түрде тыйым салды. Бұл туралы The New York Times басылымы хабарлады. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм университетке шетелдік студенттерге виза алу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге мүмкіндік беретін сертификатты дереу жою туралы шешім қабылдаған,-деп хабарлайды El.kz.
Министр Гарвардты "зорлық пен антисемитизмді қолдады, сондай-ақ Қытай Коммунистік партиясымен ынтымақтастықта болды" деп айыптады. Енді АҚШ-тың беделді оқу орындарының бірі саналатын Гарвард шетелдік азаматтарға студенттік виза алу үшін қажетті құжаттарды бере алмайды.
7000-ға жуық студент АҚШ-тан кетуі мүмкін
Қазіргі таңда Гарвард университетінде 140 елден келген 7000-ға жуық шетелдік студент оқып жатыр. Бұл оқу орнының жалпы студенттер санының төрттен бірін құрайды. Жаңа шешімге сәйкес, олар басқа университетке ауыспаса, АҚШ аумағында қалу құқығынан айырылады.
Гарвард университеті билік әрекетін заңсыз деп таныды
Университет басшылығы аталған шешімді "заңсыз, кекшіл және ғылым мен білім еркіндігіне қауіп төндіретін әрекет" деп атады.
Айта кетейік, сәуір айының ортасында Гарвардқа бөлінген 2,2 миллиард доллар көлеміндегі федералдық гранттар уақытша тоқтатылған. Қаржыландыруды қайта бастау үшін университетке мынадай талаптар қойылған:
АҚШ-тың құндылықтары мен институттарына қарсы көзқарастағы шетелдік студенттерді оқуға қабылдамау жүйесін енгізу;
Университет бағдарламаларын антисемитизм мен өшпенділік тұрғысынан тәуелсіз аудиттен өткізу.
Алайда университет бұл талаптарды орындаудан бас тартып, АҚШ үкіметін сотқа беріп, қаржыландыруды қалпына келтіруді талап етті.
Университет ахуалға байланысты есеп жариялады
Сәуірдің соңында Гарвард университеті антисемитизм мен антиизраильдік көзқарастар, сондай-ақ антиисламизмге қатысты екі есеп жариялады. Онда университет ішіндегі жағдай сынға алынып, реформалар тек ішкі процестер арқылы, Гарвард қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылуы тиіс екені айтылған.
Гарвард президенті Алан Гарбер студенттер мен оқытушылар алдындағы жауапкершілігін мойындап, университеттің антисемитизм мен алалаушылыққа қарсы күреске бағытталған жаңа бастамаларды қолға алатынын мәлімдеді.
Тағы ондаған университет нысанаға алынуы мүмкін
ARD Tagesschau дерегінше, Гарвард — Трамп әкімшілігінің назарындағы жалғыз университет емес. АҚШ билігі "солшыл-либералды идеологияны таратты" деп айыпталған тағы 60-қа жуық жоғары оқу орнына осындай шектеулер қоюы мүмкін.