Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы тексерген 211 асфальт-бетон зауытының тек қырық пайызы ғана сапалы өнім шығаратыны анықталды. Бұл туралы Сенат депутаты Әлібек Нәутиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенатта Қазақстан жолдарының жай-күйі тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтіп жатыр. Отырыста баяндама жасаған сенатор жол салу үшін пайдаланылатын құрылыс материалдарының сапасына тоқталды.
«Асфальтбетон зауыттарына инспекция жүргізген Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мәліметінше, тексерілген 211 зауыттың тек 82-сі ғана сапалы өнім шығаруға шамалары жетеді. Яғни бұл зауыттардың 40 пайызы ғана сапалы өнім шығаратынын көрсетеді. Осыған орай, нормативтерге сәйкес келмейтін жол-құрылыс өнімдеріне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажет», - деді Нәутиев.
Оның айтуынша, қазір автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік нормативтерді әзірлеумен «ҚазҚСҒЗИ» акционерлік қоғамы айналысады. Бірақ институттың автомобиль жолдары саласында жеткілікті ғылыми қызметкерлері жоқ, негізінен тек өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс қызметкерлері ғана істейді. Яғни кадр тапшылығы мәселесі бар.
«Сондай-ақ, жол-құрылыс материалдары мен жол технологияларын сынауға арналған сынақ полигондары мен зертханалық жабдықтар жоқ. Нормативтік құжаттарды қайта қарау немесе өзгерістер енгізу рәсімі ұзаққа, 1,5-2 жылға созылып кетеді, ал бұл жол салу кезінде жаңа материалдар мен технологияларды қолдануға және енгізуге теріс әсер етеді. Осыған байланысты, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу саласындағы мемлекеттік нормативтерді бекіту жұмыстарын Автомобиль жолдары комитетіне беруді ұсынамыз», - деді сенатор.