$510.84 €579.7 ₽6.39
×

БҚО-да небәрі 31 жағажай талапқа сай

23.05.2025ж. 20:00
60
БҚО-да небәрі 31 жағажай талапқа сай

Ақтөбеде 5 жастағы бала Елек өзеніне батып кетті.  Бүлдіршін үлкендермен бірге отбасылық демалысқа келген. Оның денесін сүңгуірлер өзен жағасынан 5 метр жердегі  2 метр тереңдіктен алып шыққан.   Елімізде суға түсу маусымы басталмаса да, өзен-көлге  шомылуға барып жатқандар жетерлік. Өңірлердегі ахуалды тілшілеріміз айтады.  

АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:

Мен дәл қазір Елордадағы шомылуға рұқсат етілген  жағажайлардың біріндемін. Астанада мұндай 5 орын бар. Ал, тыйым салынған 21 учаске бар. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін рұқсат етілмеген жерлерге 100-ден астам тыйым салу таңбасы мен қалқыма белгі қойылады. Құлақ аспағандарға айыппұл салынады.


Сондай-ақ өзеннің төменгі бөлігі шомылу орындары ретінде тексеріліп, қауіпті учаскелер қоршалады және патрульдік полиция күн сайын күзетеді. Ыстық күндері жағажайда демалушылардың саны 1000 адамға дейін болады. Сондықтан судағы қауіпсіз демалыс өзін-өзі дұрыс ұстау және азаматтардың «судағы қауіпсіздік ережелерін» орындауына байланысты.

АҚЫЛБЕК АХМЕТЖАНОВ, ҚР ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕР КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз қаншама ескерту, оқыту алдын-алу шараларын ұйымдастырғанымызбен ең бірінші судан келетін қауіпке адамның өзі араша екендігін ұмытпаған жөн. Балаларды су айдындарының жанында жалғыз қалдырмаңыщ және ересектерсіз шомылуына жол бермеңіз. Шамаңыз келгенше балаларды шомылуға үйретіңіз. Иірім орнатылған жерге суға түспеңіз.


АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:

Соңғы төрт жылда республика бойынша 843 адам суға кеткен. Оның 260 бала. Қайғылы оқиға көп жағдайда жабайы яғни рұқсат етілмеген жағажайларда тіркеледі. Осы ретте төтеншеліктер тек рұқсат етілген аймақтарда шомылу қажеттігін айтады. Ал, басқа өңірлерде  маусымға дайындық қалай? Оралдық әріптесім Еркін Карин жалғастырады.


ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Айдана, бізде рұқсат етілмеген жерде суға шомылсаңыз, 27 мың теңге айыппұл төлейсіз. Заңды тұлғаларға салынар айып бұдан да жоғары. Сондықтан сергимін деп суға секірместен бұрын, қалтаға қараған артық етпейді.


Биыл осы тыйымды ескермеген 8 оралдыққа айыппұл салынған. Бірақ сонда да суға кететіндер  азаяр емес. Былтырдың өзінде 16 адам суға батыпты. Әрі өңірдегі өзен-көлдер шомылуға лайықталмаған. Осындай жабайы жағажайдың жалпы саны жүзден асады. Ал оның бәрін бақылау мүмкін емес.

РАЙЫМБЕК ШАМАКОВ, БҚО ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОФИЦЕРІ:

Жағажай иелерінен 19 өтінім келіп түскен болатын жағажайларды зерттеп және қауіпсіздік талаптарына тексеру бойынша. Қазір графигі жасақталып, келесі жұмада дүйсенбі күнінен бастап, осы жағажайларға тексеріс жүргізетін болады. Бізде бекітілген 31 орын бар, осы 31 орыннан басқа су айдындары суға шомылуға рұқсат етілмеген және жабдықталмаған орындар болып саналады. Ол жердерле суға шомылуға тыйым салынған.


Бүгін - соңғы қоңырау мерекесі. Салтанатты шарадан кейін орталық саябақта серуендеген жастардың қарасы қалың. Қауіптің алдын алмақ болған құтқарушылар қайықпен сейілдегендерді бақылауды күшейткен.  

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:


Жазғы демалыста өңірдегі білім орындары 35 бассейнді пайдаланбақ. Оның 21-і балалар лагерінде, қалғаны мектеп жанындағы лагерьлерде орнатылады. Жағажай тапшы болғасын, бізде баланы бассейнге шомылдырудан басқа шара жоқ. Өзгеріс, биылғы маусымды қалай амалдап жатсыздар?


ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодарда да шомылу маусымы алдағы айдың 1-нен басталады. Қазір дайындық шаралары қызу жүріп жатыр. Биыл өңірде ұзын саны 47 жағажай ашылмақ. Оның 27-сі мемлекеттік, қалған 20-сы жекеменшік.


Төтенше жағдай мамандары көктем шыққалы 1000-нан астам рейд жасап,  6 мыңнан астам қауіпсіздік парағын таратты. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне баса мән берілмек. Мектептерде шомылу ережелері бойынша практикалық сабақтар өткізілді. Оған 4 мыңнан астам оқушы қатысқан.

ТЕМІРЛАН ЖАПАЛБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОФИЦЕРІ:

Бізде балалардың судағы қауіпсіздігіне аса мән беріледі.  Яғни, Білім басқармасымен арнайы практикалық сабақтар өтеді. Оқу орындарына бару арқылы балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін жеткізу. Айтып өткендей оқу жаттығулар балаларға тартымды болатындай құтқарушылардың жасақтарын көрсетіп, балалардың назарын аударуға тырысамыз.


ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Шомылу маусымы басталмай жатып, суға түскен 5 адамға айыппұл салынды. Сондықтан  мамандар суға тек шомылу маусымы басталған соң ғана түсуге кеңес береді.   Онда да  тек белгіленген орындарда  рұқсат етілген.