$510.84 €579.7 ₽6.39
×

Биыл 29 учаске ақылы жолға қосылады

23.05.2025ж. 20:00
52
Биыл 29 учаске ақылы жолға қосылады

Елімізде 211 асфальт зауытының көбі сапасыз өнім шығарады. Соның салдарынан жаңа төселген жолдардың өзі жылға шыдас бермейді. Сенат депутаттары жол саласындағы техникалық қадағалауды Құрылыс министрлігі құзырынан шығару керек деп бастама көтерді.

Биыл елімізде 13 мың шақырым жол жөнделеді. Оның ішінде республикалық маңызы бар желі бойынша 2 мың шақырымнан астамы қайта жаңартылмақ.  Ал облыс орталықтары арасындағы жолдарды жөндеу аясында 6,6 мың шақырым, жергілікті желі бойынша 4,2 мың шақырым қамтылады.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Республикалық деңгейдегі жолдарды дамытумен қатар, жергілікті желі жобаларына да көңіл бөлінеді. Олардың ұзындығы 70 мың шақырым. Бұл жобаларды жалпы қаржыландыру көлемі 423 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 92 млрд теңге, трансферттер – 148 млрд теңге, жергілікті бюджет – 183 млрд теңге. Бөлінген қаражат есебінен 4,2 мың шақырым жол құрылыс-монтаж жұмыстарымен қамтылды, оның 3,9 мың шақырымы осы жылы пайдалануға беріледі.


Көлік министрлігінің мәліметіне сенсек, жергілікті жолдардың 89%-ы нормативтік деңгейге сай келеді. Бірақ бұған күдікпен қарайтындар жетерлік. Себебі, жолдың бәрі тақтайдай теп-тегіс емес.   Жап-жаңа асфальттың өзі жылға шыдас бермей жатқанын көріп жүрміз. Мәселенің барын сенаторлар да ашық айтты. Елдегі 211 зауыттың көбі сапасыз асфальт шығарып жатыр деп шегелеп айтты.

ӘЛІБЕК НӘУТИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Асфальтбетон зауыттарына инспекция жүргізген Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мәліметінше, тексерілген 211 зауыттың тек 82-сі ғана сапалы өнім шығаруға шамалары жетеді. Яғни бұл зауыттардың 40 пайызы ғана сапалы өнім шығаратынын көрсетеді. Осыған орай, нормативтерге сәйкес келмейтін жол-құрылыс өнімдеріне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажет.


Депутаттың сөзінше, жол саласындағы мемлекеттік нормативтерді әзірлеумен  айналысатын институттың жеткілікті қызметкері жоқ. Негізінен тек өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс қызметкерлері   жұмыс істейді.  Сенатор жол саласындағы техникалық қадағалауды Құрылыс министрлігі құзырынан шығару керегін айтты.

ӘЛІБЕК НӘУТИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Жол-құрылыс материалдары мен жол технологияларын сынауға арналған сынақ полигондары мен зертханалық жабдықтар жоқ. Нормативтік құжаттарды қайта қарау немесе өзгерістер енгізу рәсімі ұзаққа, 1,5-2 жылға созылып кетеді, ал бұл жол салу кезінде жаңа материалдар мен технологияларды қолдануға және енгізуге теріс әсер етеді. Осыған байланысты, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу саласындағы мемлекеттік нормативтерді бекіту жұмыстарын Автомобиль жолдары комитетіне беруді ұсынамыз.


Биыл ұзындығы 6,2 мың шақырым 29 учаске ақылы болмақ. Былтыр 17 аймақтан 48 млрд теңге төлем жиналған. Министрлік жаңа ақылы жолдар қосылса бұл көрсеткіш  100 млрд теңгеден асады деп жоспарлап отыр.