Елімізде «Қазақстан балалары» онкүндігі жалғасуда. Бүгін республиканың түкпір-түкпірінде мектеп оқушылары полиция қызметкерлері және балалар омбудсмендерімен кездесті. Астанада "Полиция – балалар қорғаны" атты шара өтті. Мақсат – мектеп оқушылары мен құқық қорғау органдары арасында ашық диалог құру. Сондай-ақ жасөспірімдерді толғандырып жүрген мәселелерді талқылап, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу шараларын қарастыру. Елордадағы кездесуге 100-ден аса оқушы, оның ішінде мектеп президенттері мен балалар омбудсмендері қатысты.
ӘЛИЯ ҚЫЛЫШПАЕВА, АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫ:
Жасөспірімдер арасында буллинг мәселесі көп кездеседі. Мектеп оқушыларының арыз-шағымдарының дені өзара кикілжіңге байланысты. Сонымен қатар біздің тарапымыздан жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан жасөспірімдер қылмысы артып келеді. Оған себеп балалар ата-ананың қадағалауынсыз қалып жатыр. Өз-өзімен қалған бала ұсақ қылмыс жасауға бейім. Бұл – ұрлық және тонау.