$510.84 €579.7 ₽6.39
×

Түркістан облысында жеткіншектерді кітап оқытуға бағытталған «Kitap like» жобасы жақсы нәтиже беріп келеді

Түркістан облысында жеткіншектерді кітап оқытуға бағытталған «Kitap like» жобасы жақсы нәтиже беріп келеді

Кітап оқитын жас буын көбейіп келеді. Түркістан облысында жеткіншектерді кітап оқытуға бағытталған «Kitap like» жобасы жақсы нәтиже беруде. Арыс қаласына қарасты Дермене ауылындағы мектептің мұғалімдері оқушылардың сұранысын қанағаттандыруға барынша тырысуда.  Кітапхана қоры   толыға түскен.

Дермене ауылындағы орта мектептің кітапханасы соңғы уақытта оқушылардың жиі бас қосатынын орнына айналған. Олар мұнда оқыған кітаптарын  талқылайды. Қосымша тест тапсырып, эссе  жазады. Оқушылар бұл жобаның пайдалы тұстары көп дейді.

КӨРКЕМАЙ ҚИЛЫБАЙ, ОҚУШЫ:

Осы жоба арқылы яғни кітапты жай ғана өзім оқып, өзім ішімде сақтап  қоймай, сонымен қатар өзімнің сыныптастарыммен, өзімнен үлкен аға-әпкелеріммен де алмаса отырып кітап өзімнің есімде одан да жақсырақ қалады.   Және кітап туралы басқалардың да ойын жинай алдым.  


Ұстаздар жобаны толықтай жүзеге асыру үшін ауыл азаматтарын демеушілікке тартқан. Сөйтіп екі жыл ішінде кітапхана қоры 400 -дей туындымен толығыпты. Қазір балалар кітапханаға жаңа әдебиеттердің түскенін асыға күтеді.  

35 жылдық еңбек өтілі бар кітапханашы Жанна Сайлыбаева мектеп қорындағы әдебиеттердің басым бөлігі ескіріп кеткенін  айтады. Ал жас буын қызығатын дүниеге қол қысқа. Сондықтан демеушілердің көмегіне жүгінуге тура келеді дейді.

 ЖАННА САЙЛЫБАЕВА, КІТАПХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:

Әр кітапты біреу, он емес, жиырма шақты, отыз кітаптан алып беріп жатыр. Сондықтан оны оқушыларға бергенге өте тиімді бізге. +Биылғы жылы мектебімізді бітіріп жатқан түлектер өздері мектеп кітапханасына әрқайсысы сыйлық ретінде 150 кітап сыйлады бізге.


Жоба жетекшілері қазір бұл бастамаға тек жоғары сынып оқушылары емес, бастауыш сыныптар да қызығушылық танытып жатқанын жеткізді. Ұстаздар осы арқылы баланы ұялы телефоннан алшақтатып, кітапқа деген құштарлығын арттырмақ.

ГҮЛСІМ МАЛТАЕВА, АРЫС ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:

Бұл бастама біз үшін және өсіп келе жатқан жас балалар үшін өте тиімді. Балаларымыз қазіргі кездегі кітаптарды оқығысы келеді, көркем әдебиеттерді іздейді. Сондықтан бұл біздің балаларымыз үшін өте жақсы құнды дүние болып келеді.  


Жасөспірімдерді ынталандыру үшін кітап оқығандарды марапаттап, облыстың көрікті жерлерін де аралату үрдісі бар.  Арыс қаласындағы және Түркістан облысындағы өзге мектептерде тәжірибе ретінде енгізіле бастаған. Келесі оқу жылында кітапқа құмар балалардың қатары мұнан да артатынына сенімді.