Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық соты өзіне сеніп тапсырылған малды жарты жыл бойы сатып, бар ақшаны құмар ойынға жұмсап жіберген азаматтың ісін қарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тергеу барысында анықталғандай, 2018 жылы жауапкер С.-мен фермер А. арасында еңбек шарты жасалып, 63 бас ірі қара мен 423 бас қой малшыға тапсырылған.
Алайда, 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қаңтарына дейін сенім мен бақылаудың жоқтығын пайдаланып, С., жасырын түрде 184 бас қой, 17 сиыр, 10 бұзауды базарда сатқан. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 14,5 миллион теңгеден асты. Малшы барлық ақшаны құмар ойындарға салып ұтылған.
Сот бақташыға 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Себебі, сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жәбірленушіге келтірілген залалды толығымен өтегенін айтты. Мұны жәбірленушінің өзі растап, соттан С.-ны бас бостандығынан айырмауды сұрап, кешірім берді.
"Сот сотталушының өз кінәсін мойындағанын, өкінетінін және кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескеріп, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Сонымен қатар С. жыл сайын 100 сағаттық міндетті жұмысты орындауы керек", - делінген сот құжатында.