Алматы тұрғындары ыстық су мен жылуға 2,1 млрд теңге қарыз, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жыл басынан бері мегаполисте шоттарын төлемеген 363 абонент ыстық судан ажыратылған. Одан бөлек, 3 339 борышкерге қатысты талап-арыз беріліпті. Сондай-ақ берешегі бар 561 тұтынушының мүлкіне тыйым салынып, 891 банк шотына шектеу қойылды. Ал тағы 128 азаматқа Қазақстаннан тысқа шығуға тыйым салынған.
Айта кетейік, жауаптылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, коммуналдық қызметтер бойынша берешектің болуы - несие беру кезінде де ескерілетінін еске салады.
«Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мұндай мәселелер қалалық әкімдікпен бірлесе шешіледі. Оларға коммуналдық төлемдер үшін жеңілдіктер бар. Немесе кепілхат арқылы 6 айға бөліп төлей алады», – деді «Алматы жылу желілері» ЖШС коммерциялық директоры Бағдаш Нұрсейітов
Мамандардың сөзінше, борышкерлерді ыстық судан ажырату – мәжбүрлі шара. Өйткені «бұл алдағы жылыту маусымына дайындыққа кері әсерін тигізеді» дейді. Бүгінде мегаполисте жылу желілердің 56,1 пайыз тозған. Ал борышкерлердің қатарында тұрғындардан бөлек, заңды тұлғалар да жетерлік. Оларға алдымен қарызы бер екені ескертіледі. Егер төлемесе, ыстық судан ажыратылатыны туралы хабар беріледі.
«Бұл нысан бойынша 1,5 миллионға жуық берешек бар. Иесіне қарыз екені туралы ескертілді. Бірақ төленбеді. Ажыратуға мәжбүрміз. Көрсетілген соманы толық өтеп, 86 мың теңге төлегенде ғана ыстық суды қайта қосамыз», – деді инженер-инспектор Данияр Махмұтов.