$510.84 €579.7 ₽6.39
×

Қазақстан мен Ресей +7 телефон коды бойынша шешім қабылдады

AstanaTV
24.05.2025ж. 06:49
39
Қазақстан мен Ресей +7 телефон коды бойынша шешім қабылдады

Қазақстанда телефон кодтарын бөлу туралы Ресеймен келісім заңнамалық тұрғыдан бекітіліп жатыр. Тиісті қаулы жобасын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құжатта +7 кодындағы сандардың қандай үйлесімі әр елге тиесілі болатыны түпкілікті бөлінген.

"Қазақстан бүкіләлемдік нөмірлеу жүйесінің 7-ші аймағында келесі код диапазондарын қолданады: +7 0; +7 6; +7 7. Ал Ресей келесі код диапазондарын қолданады: +7 2; +7 3; +7 4; +7 5; +7 9", – делінген жоба мәтінінде.

Қазір құжат көпшілік талқылауына шығарылған, ол 2 маусымға дейін жалғасады. Құжат күшіне енген кезде ол Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында былтыр қол қойылған +7 телефон кодын бірлесіп пайдалану туралы келісімді заңды түрде бекітеді.

Қазақстан мен Ресей телефон кодтарын қалай бөлісті?

2021 жылы Қазақстан халықаралық +997 телефон кодын резервке қойған болатын, яғни +7 кодынан бас тарту жоспары болған. Кейінірек отандық шенеуніктер бұл кодқа көшу техникалық және қаржылық тұрғыдан күрделі екенін түсінді. Қазақстандық абоненттерге барлық сервисте – мемлекеттік және банктік қызметтерде, әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшаларда – деректерін жаңарту қажет болар еді. Сондықтан 2023 жылы бұл идеядан бас тартуға шешім қабылданды.

Былтыр қазанда Қазақстан Ресеймен бірге +7 телефон кодын бірлесіп пайдалану туралы келісім жобасын мақұлдады. Жобаға сәйкес, қос мемлекет халықаралық телефон байланысының 7-ші аймағындағы (+7) нөмірлеуді бірлесіп қолдануды жалғастырады.

Құжатта Қазақстан үшін мынадай код диапазондары бекітілген: 000–099, 600–699, 700–799. Мысалы, +7 (775), +7 (701).

Ресей ерекше тәртіппен мынадай код диапазондарын қолдана алады: 200–299, 300–399, 400–499, 500–599, 810–818, 820–821, 831, 833–836, 840–848, 850–851, 855–857, 860–863, 865–867, 869, 871–873, 877–880, 900–999. Мысалы, Ресейде +7 (950), +7 (904) кодтары пайдаланылады.