$510.84 €579.7 ₽6.39
×

Қазақстанда ымдау тілі ресми мәртебеге ие болады

AstanaTV
24.05.2025ж. 19:57
84
Қазақстанда ымдау тілі ресми мәртебеге ие болады
Фото: Freepik

Қазақстанда қазақ ымдау тілі мен дактиль әліпбиін – қол мен саусақтардың қимылы арқылы әріптер мен сөздерді жеткізу жүйесін – әзірлеу жұмысы басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев депутаттық сауалға берген ресми жауабында мәлімдеді. Оның айтуынша, толыққанды ұлттық ымдау тілін қалыптастыру – есту қабілеті шектеулі адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудегі маңызды қадам болмақ.

Қазіргі таңда елімізде ресми түрде танылған қазақ ымдау тілі жоқ. Бұл жағдай естімейтін және нашар еститін азаматтардың білімге, әлеуметтік қызметтерге және қоғам өміріне толыққанды араласуына едәуір кедергі келтіріп отыр.

– Қазақ ымдау тілін әзірлеу барысында халықаралық тәжірибеге сүйенеміз. Ұлыбритания, Исландия, Аустралия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Испания, Швеция және Оңтүстік Африка секілді елдерде ымдау тілі ресми түрде танылған және кеңінен қолданылады. Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінің көмегімен үздік тәжірибелер зерттеліп, олар ұлттық ерекшеліктерімізге бейімделетін болады, – деді Көшербаев.

Жоба аясында дактиль әліпбиін әзірлеу, ымдаудың сөздігін құрастыру, сондай-ақ ымдау тілі аудармашыларын даярлайтын білім беру бағдарламаларын іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар, мектептер мен әлеуметтік мекемелерде қолдануға арналған арнайы оқулықтар мен әдістемелік құралдар әзірленеді.