Павлодарда төрт жасар бала төртінші қабаттағы ашық терезе жақтауында тұрған сәтте құтқарылды. Оқиға Толстой көшесіндегі бес қабатты үйде болған. Жағдайды бірінші болып көшеден өткен тұрғындар байқаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қыз бала жалғыз өзі үйде қалған және терезе жақтауында тұрған. Ол кез келген сәтте төменге құлап кетуі мүмкін еді.
Құтқарушыларды тұрғындар дереу шақырған. Арнайы бригада оқиға орнына бірнеше минут ішінде жетіп, қыз баланы аман алып қалды.
Құтқарушылардың бірі пәтердің есігі арқылы қызбен сөйлесіп, назарын басқа жаққа бұрды, ал қалғандары шатыр арқылы альпинистік құралмен терезеге көтеріліп, ішке кіріп, баланы қауіпсіз жерге шығарды.