2025 жылдың 15 және 17 мамыр күндері Вафа Мусаева Эверест (8849 м) пен Лхоцзе (8 516 м) шыңдарын бағындырып, бұл жетістікті бір маусымда еңсерген алғашқы әзербайжандық әйел-альпинист атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі oxu.az-ға сілтеме жасап.
Вафа әйгілі альпинист-гид Лакпа Шерпаның жетекшілігімен шыңдарды бағындырған. Алдымен ол 15 мамырда Эверестке көтерілсе, екі күннен кейін Лхоцзеге де шыққан.
Мен Эверестті бағындыру туралы сегіз жыл ойладым. Соңғы екі жылда бұл шыңға шығуға өте байсалды дайындалдым. Көптеген қиындықтарға қарамастан, мен оны бағындыра алдым. Эверестке шығуға маған 35 күн қажет болды. Бұл әлемдегі ең биік шың, мен бұған дейін шыққан таулардың ешқайсысына ұқсамайды. Бұл сапар шексіз болып көрінді. Сол себепті де өте ауыр болды. Жолға шықпас бұрын мен көп сараптама жасадым. Қандай техникалық және физикалық қиындықтар туындауы мүмкін екенін алдын ала болжадым. Не күтіп тұрғанын білдім. Ашық айтайын, мен қатты қорықтым. Бірақ өзіме сендім. Себебі мен бұл сапарға өте жақсы дайындалған едім, - деді ол.
Биіктігі 8848 метр болатын Эверестке алғаш рет 1953 жылы непалдық Тенцинг Норгей мен Жаңа Зеландиялық Эдмунд Хиллари көтерілген.
Еске салайық, Лхоцзе – әлемдегі ең биік төртінші шың және Эвересттен небәрі үш шақырым жерде орналасқан. Бұл шың альпинизм саласында ең күрделі бағыттардың бірі саналады.
Вафа Мусаеваның бұл ерлігі әзербайжандық альпинизм тарихындағы маңызды жетістік ретінде бағаланып отыр.