Астананың Есіл ауданында жаяу жүргіншілер жолағы опырылып, қыз бала зардап шекті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astanovka 98 парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Астанада бір қыз шұңқұрға түсіп кетті. Ол "Қобыз сарайы" маңындағы жаяу жүргіншілер жолағымен кетіп бара жатқанда тас төсеуіш опырылып кеткен. Куәгерлер шұңқырдың тереңдігі бір метрге жуық екенін, шұңқыр түбінен су көрінгенін айтады", – делінген жазбада.
Шұңқырға құлаған қыз бір жерін ауыртып жылап қалған.
Желі қолданушылары жазба астына түрлі пікір білдіріпті.
"Сол жағалау батпақ үстінде тұр", "Өйткені бәрі қалай болса, солай жасалады", "Жер асты сулары, Талдыкөл кек алып жатыр, ол барлық жерден шығып жатыр", "Көлдің бетін топырақпен жапқанмен, ол бәрібір тесіп шығатын жер табады", – деп жазған желі қолданушылары.