Ал Маңғыстауда түлектер мінген көлік апатқа ұшырады. Жарақат алғандар бар. Соңғы қоңырау күні әлеуметтік желіде жол жүру ережесін бұзған оқушылардың бейнежазбасы қаптап кетті. Үлкен өмірге жолдама алар сәтте оқушылар өрескел заң бұзушылықтарға жол берген. Мектеп бітіру кешіндегі келеңсіз жағдайларды тілшілеріміз жеткізеді.
ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мектеп бітіру- бала өміріндегі ерекше сәт. Алайда кейінгі жылдары соңғы қоңырауды ерекше тойлаймын деп есі шығып жүргендер көп. Биыл да осы күні ессіздіктің түр-түрін көрдік.
Жаңаөзенде сұмдық жағдай. Аймақта түлектер ұйымдастырған кортежде 3 көлік апатқа ұшырады. Басқаларды басып озбақшы болған пикап жолдан шығып кетіп, аударылып қалды. Жарақат алғандар бар.
БІЛІМҒАЛИ СҰЛТАНОВ, ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Осы орын алған оқиға бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша құжаттамалар Toyota Hilux автокөлігіне жинақталып, Hilux автокөлігі автотұраққа қамалды.
Бұл- Ақтаудағы мектеп түлектерінің жол патрульдік полициясынан қашқан сәті. Олар заң бұзғанымен қоймай, бұл әрекетін видеоға түсірген. Бейнежазбада мектеп формасын киіп, бітіруші лентасын таққан жасөспірім анық көрінеді. Полицияның мәліметінше, жол ережесін бұзғандардың жеке басы анықталып, жауапкершілікке тартылған.
БЛИЦ:
- Осы ата-аналар балаларға көлікті не үшін береді? Түсінбеймін, түсіну қиын.
- Жоқ, ата-аналар не ойлайсыңдар? Балаларыңыз тек өз басына емес, жолда қаншама адамға да жауапты ғой.
- Жалпы осындай апаттар мамыр айында көп болады. Әсіресе жастар кетіп қалады, өкінішке орай.
Сондай-ақ Атырау облысында да мектеп бітірушілер қоғамдық тәртіпті бұзды. Түлектер саябақтағы аркаға шығып кеткен. Дүрбелең туғызғандар полиция бөліміне жеткізілді. Ата-аналары 40 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады. Жалпы заң бұзғаны үшін жаза барын біле тұра, жастар мұндай өрескел заң бұзушылықты жылда қайталайды.
ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Кортежге шығып кәріп болу қазір-ақ. Түлектер үлкен өмірге жолдама алған сәтте болашағына балта шаппаса болғаны. Жалпы мектеп бітіру жарысып тойлайтын мереке емес. Әдемі кештің шырқын көліктер жарысы бұзбағаны жөн. Соңғы қоңырау Жамбыл облысында да тыныш өтпеген секілді. Оны әріптесім Берік Жұмабай жеткізеді.
БЕРІК ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:
Иа Жамбылда да түлектер көлікпен жүйіткіді. Боранды күні ит құтырады, соңғы қоңырауда бала құтыратын заман болды.
Мойынқұм ауданы орталығында мектеп түлектерінің соңғы қоңырауда ұйымдастырған кортежі полиция назарын аударды. Түлектер көлік терезесінен шығып, қауіпсіздік ережелерін елемей, өзінің ғана емес өзгеніңде өміріне қауіп төндірген.
ГҮЛСАРА МҰҚТАРҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Мойынқұм аумағы ауданында жол ережесін өрескел бұзған көліктер анықталды. Аталған 5 автокөлік арнайы айып тұраққа қойылып, 27 кәмшілік хаттама толтырылды. Алдағы уақытта да осындай бұзушылыққа жол бермес үшін көлік жүргізушілері мен ата-аналармен прафилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Тәртіп сақшылары мектеп бітірушілерге арнайы рейд ұйымдастырып бір күнде 200-ден аса әкімшілік хаттама толтырып, 60-қа жуық көліктер айып тұраққа қойылған. Қанша ескерсе де жастар жағы елемейтін көрінеді.
БЛИЦ:
- Өкінішті жағдайлар көп болып жатыр осы дтп болып. Машина жалдап шағады балалар оның барлығы дұрыс емес. Себебі, өздері жұмыс жасап оны таппайды, атана-аналарына салмақ түседі. Сол себепті мен құптамаймын ондай нәрсені.
- Ата-ана ретінда оған заңмен тиым салыну керек. Себебі, көріп жатырмызғой тик-ток, инстаграмнанда барып авария жасап жатқанын. Ішіп аурып жатқанын, шегіп бір нәрсеге ұрынып жатқанын. Әрине мұның бәрін ата –аналар қолдап заң жүзінде тиым салыну керек.
БЕРІК ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:
Аттестат алу кеші алда екенін ескерсек, мұндай жағдайлардың қайталануы бек мүмкін. Сондықтан жауаптылар алдын алу шараларын күшейткені жөн болар.