$518.81 €596.27 ₽6.63
×

Атырауда 1-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында саусағынан айырылды

26.05.2025ж. 20:00
105
Атырауда 1-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында саусағынан айырылды

Атырауда 1-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында екі саусағынан айырылып қалды. Оқиға мамырдың ортасында болған. Сол күні сабақ далада, спорт алаңында өткен. 7 жасар қыз бала мектеп ауласындағы жаттығу құрылғысына қолын қысып алыпты. Салдарынан бір саусағының тырнақ бунағы сынып, түсіп қалған. Ал екіншісін дәрігерлер тігіп қойғанымен, бітіп кетуі екіталай деп отыр. Қыздың ата-анасының айтуынша, мұндай жағдай бұдан бұрын да бірнеше рет болған екен.

Бірінші сынып оқушысының қолы мына құрылғыға қысылып қалған. Екі қолындағы екі саусақ қатты жараланыпты. Тіпті бірінің тырнақ буыны үзіліп түсіп қалған. Дәрігерлер екінші буынын тігіп қойған. Бірақ бітіп кету мүмкіндігі 10 пайыз ғана деп ашық айтыпты. Кішкене қыздың ата-анасы сол күннен бері ес жия алмай жүр.

НҰРГҮЛ ТӘКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жедел жәрдем келгенше ешқандай шара қолданбаған мектеп медсестрасы. Қалай қолынан қан ағып отыр. Солай қан ағып отыр. Қызымның түсіп қалған саусағының ұшын сулыққа орап, мұзға да салмаған, скорыға ұстатып жіберді. Мама, мектеп жайлы ештеңе айтпа, ешкімге шара айтпа деп жылайды. Түнде шошып оянады балам.

Ата-ана дереу полицияға шағымданған. Дәл осы жерден бұған дейін екі бала зардап шеккен. Бірақ қауіпті құрылғыны қоршау не алып тастау ешкімнің ойына келмеген. Мектеп басшылығы құрылғы біздің теңгерімге жатпайды ,- деп жауапкершіліктен басын алып қашып отыр. Оқиғаға кінәлі мұғалімге ескерту бердім,- дейді. Айтуынша, ашық спорт алаңын 2019 жылы салған. Бірақ мектеп әкімшілігі қабылдап алмапты.

ЖАННА ҚҰЛБАТЫРОВА, №2 Ж.НӘЖӘМЕДЕНОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Мынан жердегі халық та баратын жері жоқ. Осы жерге сабақтан кейін кешке қарай ата-аналар демалады. Осы жерде балалар ойнайды. Жауып қоя алмаймыз. Біздің құзырымызда ештеңе жоқ. Бұл мектептің қателігі болғанымен, мектеп мұны қате деп мойындаймыз. Бірақ та бұл жерде ұстаздың қателігі болып тұр енді. Заң орынына бере берсін.

Осы ашық спорт алаңы 26 млн теңгеге салынған. Әкімдік 6 жылдан бері қараусыз тұрған құрылғыларды теңгерімге беруге енді кірісіпті. Мектеп айналасында камера самсап тұр, Бірақ олардың біреуі де істемейтін болып шыққан.

ҒАСЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі таңда құрылыс бөлімінің теңгерімінде. Енді қазіргі уақытта жер құжаттарына байланысты кезең кезеңімен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Теңгерімге беру бойынша. Бұл тернажер жоғары сынып оқушыларының спорпен айналысуына жобаланып жоспарланып салынған болатын.

МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

7 жастағы оқушының алған дене жарақаттарына қатысты Атырау қалалық полиция басқармасы Қылмыстық Кодекстің 141 бабы 1 –бөлімімен, яғни кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегімен қылмыстық іс тіркеп кешенді тергеу амалдарын жүргізуде.

Мұғалім кешірім сұрап, заң орындарына арызданбауды сұраған. Алайда қызының денсаулығына алаңдаған ата-ана басшылық жауап берсін деп отыр. Емдеу жолын сұрап бірнеше елдің емдеу орындарына сұрау жіберген.