$518.81 €596.27 ₽6.63
×

Трамп: "Путин ақылынан алжасқан"

26.05.2025ж. 20:00
102
Трамп: "Путин ақылынан алжасқан"

Франция Президенті әйелінен оңбай таяқ жеді. Эммануэль Макронның жұбайы – Бриджит ұшақтан түсер кезде шапалақпен тартып жіберген. Ал Дональд Трамптың Путинге деген көңілі қайтадан суып кетті. АҚШ Президенті Владимир Путинді: «Ақылынан алжасқан», - деді. Бірақ, Трамптың өзі де оңып тұрған жоқ, - дейді Гарвард университетінің профессорлары. Себебі, 7 мың шетелдік студентті оқудан шығарып жібермек. Оның үстіне, барлық шетелдік смартфон да осы жолы тарифке ілінді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді ТІлеуқұл шолып шықты.

Франция Президенті Эммануэль Макрон таяқ жеуден шаршамайды. Бұл жолы өз жұбайы Бриджит оңдырмады. Шапалақпен тартып жібергені сонша, Макрон есеңгіреп қалды. Ал Путин ақылынан алжасты. Трамптың Ресей Президентіне деген көңілі қайтадан суып кетті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Оған не болғанын білмеймін. Мүлдем ақылынан алжасқан. Бұл соғыста өте көп адам өліп жатыр. Зымырандар қалаларға, тұрғын үйлерге түсіп жатыр. Мен онымен жақсы сөйлесетін едім. Ол да жақсы жауап береді. Бірақ, мынау тірлігін түсіне алмадым.

Трамптың Гарвардпен де ісі бітер емес. 7000 мың студент ақыры далада қалды. АҚШ Президенті шетелдік студенттердің оқу визасын ұзартпай қойды. Трамп Жоғарғы Оқу Орнынан сол студенттер туралы ақпарат беруін талап етуде. Бірақ, Гарвардтың келісетін түрі жоқ. Бұған дейін Ақ Үй басшысы, мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатып тастаған еді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Гарвардта оқитын студенттердің қай ел азаматы екенін білмейміз. Кейбір елдер олардың білімі үшін ақша жұмсағысы келмейді. Неге олар үшін біз төлеуіміз керек? Гарвардтың өзінің 50 млрд доллары қайда жұмсалып жатыр? Олар – нағыз алаяқтар.

Оқу орны кезекті рет Трампқа қарсы сотқа жүгінді. Ал, профессорлары АҚШ Президентін балағаттап, ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығуда.

СТИВЕН ПИНКЕР, ГАРВАРД ПРОФЕССОРЫ:

Мен өзім аң-таң болып отырмын. Трамп – АҚШ Конституциясына қарсы келіп отыр. Біздің ішкі істерімізде оның шаруасы болмауы керек. Саясатта жолы болмағанының өшін бізден алмақшы. Біз заң алдымызда тазамыз.

«Эппл, болсын, басқасы болсын, маған бәрібір. АҚШ аумағында смартфон шығарылмаса, санкцияға ұшырайды немесе, тариф бойынша салық төлесін». Дональд Трамп осылай деді. Әсіресе, оңтүстік кореялық самсунгқа шүйлікті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Маусым айының соңына қарай, бұл мәселені шешеміз. Тариф тек Эпплға ғана байланысты емес. Самсунг секілді өзге ірі компаниялар да салық төлеуі тиіс. Әйтпесе, бұл әділдік болмайды. Олардың барлығы шетелде өнім өндіріп, ақша үнемдеумен әлек. Бұған жол беруге болмайды.

АҚШ Президенті Еуропалық Одақпен ешқандай сауда келісімдерін жасамайтынын айтты. Тіпті, алдыма келіп жығылса да, жолатпаймын. Олардың тауарлары тек, тариф арқылы кіргізіледі, - дейді Трамп.