2025 жылғы мамырдан бастап OpenAI компаниясы Қазақстанда шартты түрде тіркеліп, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлей бастады. Енді ChatGPT Қазақстан азаматтарына қызмет көрсеткені үшін еліміздің салық заңнамасына сай ресми түрде төлем жүргізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді. Комитет өкілдерінің айтуынша, OpenAI Қазақстандағы цифрлық қызметтер көрсетушілерінің қатарына қосылып, заң бойынша ҚҚС төлеуші мәртебесін алды. Бұл шешім қазақстандық пайдаланушылар үшін қызметтердің заңды және ашық ұсынылуына жол ашады.
ChatGPT – жасанды интеллектке негізделген әлемдегі ең танымал чат-боттардың бірі. Ол виртуалды көмекші, кеңесші, мәтін жазу құралы, сұхбаттасушы ретінде кеңінен қолданылады. Қазақстанда бұл сервис әсіресе студенттер, журналистер, кәсіпкерлер мен ІТ мамандар арасында сұранысқа ие.
Мемлекеттік кірістер комитеті OpenAI-дің салық төлеуге келісім беруін оң қадам деп бағалап отыр. Өйткені бұл ел бюджетіне қосымша түсімдер алып келеді және цифрлық нарықтағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз етеді.