Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 14 шетелдік елден шығарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында өткізілген "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 352 азамат жауапқа тартылды. Олардың 237-сі шетелдік, ал 115-і Қазақстан Республикасының азаматтары. Тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген 122 шетелдік азамат пен оларға жұмыс берген 39 кәсіпкер анықталды.
Іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 14 шетелдік елден шығарылды, ал 5 материал азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жіберілді.
Сондай-ақ іздеуде жүрген бір қылмыскер анықталды. Полиция көші-қон заңнамасын сақтау қажеттігін ескертеді және тиісті рұқсатсыз жұмыс істеу Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу екендігін хабарлайды.