Жедел жәрдемнің өзіне жәрдем керек! Астанада ер адам шақыртуға келген фельдшерді соққыға жықты. Салдарынан жарақат алып, оған ота жасауға тура келді. Ал ашуын баса алмаған тұрғын бүгін бір жарым жылға сотталды. Бірақ жәбірленуші тарап үкіммен келіспейді. Мәселенің мән-жайын Мөлдір Жақан білді.
23 жастағы Мереке Сахабин денсаулығына шағымданған жүкті әйелден шақырту түскен соң, әдеттегідей көмекке аттанады. Алайда медицина қызметкерлері аталған мекенжайға жеткен кезде оқыс жағдайға тап болды. Әйелдің жұбайы оның жедел жәрдем көлігіне мінуіне қарсылық танытып, дәрігерлерге жұдырық ала жүгірген.
МЕРЕКЕ САХАБИН, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Екінші жедел жәрдем көлігі әйелді алып кетті. Ал біз полиция шақырдық. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мен жабық бас ми жарақатын алдым. Ота жасауға тура келді. Жәбірлеушінің әділ жаза алғанын қалаймын. Өйткені оқиғадан соң да ол өзге адамдар арқылы мазамды алып, арызды қайтарып алуымды сұрады.
Айыпталушы бұрын сотталмаған, үш баланың әкесі. Болған жағдайды жәй ғана отбасылық жанжал деп, өзінің арам пиғылы болмағанын айтып ақталды.
АЙЫПТАЛУШЫ:
Әйеліммен ұрысып жатқан кезде болып кеткен жағдай бұл. Арасына қосылып кеткен. Көшеден іздеп төбелескен жоқпын. Бандит емеспін. Қарапайым такси жүргізушісімін. Бұл жігіттен кешірім сұрадым.
Ақыры сот шешімімен айыпталушы 1 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, пробациялық бақылауға алынды. Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа материалдық және моральдық шығынды өндіруге міндеттелді.
СУДЬЯ:
Материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыз ішінара қанағаттандырылсын. Материалдық шығын 44 мың теңге және өкілдік етуге жұмсалған шығын 500 мың теңге өндіріп алынсын. Моральдық зиянды өтеу есебіне 500 мың теңге өндіріп алынсын.
Алайда соққыға жығылған фельдшер соттың шешімімен келіспеді. Енді ол аппеляциялық сотқа жүгінбекші.