Әкімдерге тықыр таяды. Жағаны жайлауға жіберіп қойып жүретін кезең аяқталды. Премьер-министр басшылардың бес минутын да бос қалдырмайтындай тапсырманы үйіп-төгіп берді. Енді өңірдегі ақжағалылар жылу нысандарына апта сайын барып, жұмыстың басы-қасында жүруге міндетті. Мұның барлығы қыста тағы бүрсеңдеп қалмауымыз үшін қолға алынып отыр. Бектенов тым болмаса осы жолы жоспарды уақытында аяқтауды тапсырды. Мерзім тамызға дейін. Жылда уәде беріп, сөзінде тұра алмайтындар бұл жолы қателікке бой алдырмас па екен? Үкімет отырысанан Аружан Задабек баяндайды.
«Қабат-қабат қаптама, қалың киін, мұз дала». Қыс бойы бүрсеңдеген жұрт осылай әндетеді амалсыз. Жылда қайталанатын сценарий – осы. Қыста тағы бүрсеңдемес үшін барлық қазандықтарды тексеруді Үкімет ерте қолға алғандай болады. Жаз бойы жүз жиналыс өткізеді. Алайда, жұмыс әдеттегідей, жоспарға сай аяқталмайды. Елде 137 мың шақырым инженерлік желі бар. Олардың орташа тозу деңгейі – 49%. Яғни 67 мың шақырымы ауыстыруды қажет етеді. Әсіресе, Павлодар, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облысында жағдай мәз емес.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
Биыл республикалық бюджеттен сумен жабдықтау объектілерін салу мен қайта жаңарту үшін 176 миллиард теңге қарастырылды. Жалпы Президент тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін тозған инженерлік желілерді 40% дейін төмендету жоспарланған.
Үкімет басшысы қазандықтардың дайындығын уақытылы аяқтауды тапсырған. Ешқандай сылтау болмасын, кешіктірілмесін деп шегелеген. Сөз ауаға кетпесін деп тіледік. Тілеп қана қойған жоқпыз, мемелекет ақшаны да аяп жатқан жоқ. Жөндеу жұмыстарына 373 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес ағымдағы жылы электр станцияларында 10 энергия блогын, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Әртүрлі кезеңдерде жөндеу жұмыстары 4 энергоблокта, 19 қазандықта және 10 турбинада жүргізіліп жатыр. 1 энергоблокта, 2 қазандықта және 1 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Қыстың қамын жазда ойла дейміз. Осылай айтқанда алдымызға жан салмаймыз, іске келгенде кері тартатынымыз тағы бар. Бектенов бұл жолы құр сөзге жол жоқ деген ұранмен отыр. Тағы сылтау айтылмасын деп Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылордадағы жылу көздерін жаңғырту үшін резервтен қосымша 25 миллиард теңге бөлді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біздің міндетіміз – халықты жылумен және электр энергиясымен сапалы қамтамасыз етіп, қолданыстағы жабдықтардың пайдалану мерзімін қауіпті деңгейге жеткізбеу. Ал, ол үшін энергия көздері мен желілердің негізгі жабдықтарын жөндеу және ауыстыру жұмыстарын тұрақты әрі жоспарлы түрде жүргізу қажет.
Қазірдің өзінде жұмысты кешіктіру қаупі бар өңірлер белгілі. Мәселен, Семей, Маңғыстау, Қостанай, Риддерде жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Жағасы жайлауда жүрген басшылар дәл қазір іске кіріспесе Үкіметтен оңбай сөз естуі мүмкін. Сонымен, әкімдерге мынандай тапсырма бар. Жергілікті атқарушы органдар 1 қыркүйекке дейін 10 876 білім беру нысанын жылыту мерзіміне дайындауы қажет. 15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыста, 15 қазанға дейін қалған өңірлерде 5 644 денсаулық сақтау нысандарын, және 51 637 тұрғын үйдің дайындығын қамтамасыз ету міндеттелді.