Егер киік саны реттелмесе, ауру таруы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің отырысында айтылды. Себебі биыл батыстағы киіктердің саны 4 миллионнан асқан. Салдарынан туыстығы жақын киіктердің бір-бірімен шағылысуы генетикалық аурудың өршуіне әкеп соғуда. Бұған қоса, азықтың жетіспеушілігі де ақбөкендердің арасында түрлі инфекцияның тарауына түрткі болады. Бұл өз кезегінде үй жануарларына да айтарлық қауіп төндіреді. Өйткені дәл қазіргі уақытта киіктер мен үй жануарлары бір жайылымда жайылады.
АЛЕСКЕЙ ГРАЧЕВ, ЗООЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ТЕРИОЛОГИЯ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Қазірден бұл мәселені ертерек шешпесек, эпизоотологиялық жағдай нашарлай түсіп, түрлі жұқпалы аурудан киіктердің өзі де, үй жануарлары да қырылуы мүмкін. Сонымен бірге түрлі инфекциялық аурурлар адам денсаулығына да қауіп төндіруі мүмкін». Ауру жайласа киік санын сақтау бойынша жасалған жұмыстың бәрі далаға кетеді.
Ал киік санын реттеу бойынша министрлік әлі ерте деді. Оған қазір рұқсат берілмейді. Вице-министрдің айтуынша, жақында Үкіметке киік мәселесіне қатысты құжат ұсынылады.
НҰРКЕН ШӘРБИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Қазір киік төлдеп жатыр. Жалпы, киік санын реттеу іс-шаралары қыркүйек айында басталып, қарашаның аяғына дейін іске асырылуы мүмкін… Атап айтқанда, киік санын реттеу мәселесі ғалымдардың биологиялық негіздемесі аясында шешіледі.