$518.81 €596.27 ₽6.63
×

Пәтер сыйға алған қызметкер: "Жылдар бойы пәтерде тұрдық, енді өзіміздің үйіміз бар"

27.05.2025ж. 20:00
182
Пәтер сыйға алған қызметкер: "Жылдар бойы пәтерде тұрдық, енді өзіміздің үйіміз бар"

Кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов 100 қызметкерге пәтер сыйлады. Үйлі болғандардың 80 проценті – қарапайым жұмысшылар. Олар компания ашылғалы бері жан-тәнімен адал қызмет еткен. Продюсер Баян Мақсатқызының жолдасының жомарттығы кешеден бері әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Қоныс тойын тойлаған жаңа үй иелерін әріптестерім іздестіріп, тапқан екен. Әрі қарай «Өзекті» айдарында Аружан Задабек жалғастырады. 

Қайырлы кеш, көрермен! Желідегі өзекті әрі көп талқыланған тақырыптарды бірге тарқатамыз. Экраннан алыс кетпеңіз!


Жомарт ер білім жолын жете білер, 
Мал беріп, атақ алып өте білер. 
Жарылқап кем-кетікті білімменен, 
Жақсы атпен дүниеден өте білер.


Бұрын Атымтай Жомартты ертегіден іздесек, қазір олар ел назарында, жанымызда жүр. Жақсылық жасаумен жарысатын кезеңге келдік. Кеше ғана кәсіпкер Тұрсын Алагөзов өзі басшылық ететін компанияның 100 қызметкеріне Алматы қаласынан пәтер сыйлады. Үйлі болғандардың көбі - ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқанын азаматтар. Нақтырақ, жүргізуші, еден жуушы, жүк тасушылар. Қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан тақырып – осы. Көрген жұрттың бәрі «неткен мәрттік!» деп бәрекелді дескен. 

БЛИЦ:

- Құрметті, Тұрсынғали Тұрымұлы! Сізге анамызға көрсеткен зор құрметіңіз бен ерекше сыйлығыңыз үшін алғысымды білдіремін. Анамыздың жылдар бойы адал қызметін бағалап, оған пәтер сыйлауыңыз – үлкен жүректің, парасаттың және нағыз адамгершіліктің белгісі.
- Сізге үлкен рақмет! Жүрегіңіз сондай үлкен. Бала-шағаларыңыздың рахатын көріңіздер! 
- Тұрсын мырза, бар болыңыз, бай болыңыз! Келешекте мұқтаж жандарға 100 баспана сыйлауға Алла нәсіп етсін.

Жаңа үйге құтты болсын айту қанымызда бар емес пе?! Оның үстіне жоғарыдағы видеоны көріп өзіміз баспаналы болғандай қуандық, елжіредік. Ойламаған жерден ерекше сыйға кеңелгендерді іздедік сөйтіп. Қоныс тойын тойлап жатқан бір қызметкерді тауып, сұқпат жазып алып едік. Сезімі қандай, бірге тыңдайық. 

КАМАЛ АХМЕДИЯРОВ, КОМПАНИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біз ойлағанбыз, грамота беріп, тағы ақшалай береді деп ойладық. Пәтер береді деген ойда болған жоқ. Марапаттаған кезде бүкіл көп жылдан бері жұмыс істеген жұмысшыларға, әріптестерге пәтер сыйлады. 100 баспана. Осы басшымызға рақмет. Көп жылдан бері пәтерде тұрғанбыз. Қазір пәтерлі болдық. 

Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» әніне челлендж жүргенін білесіздер. Әлеуметтік желіде ел тұрғындарынан бастап, шетелдіктерге дейін белсенді қатысты. Кеше Димаш жеңімпазды анықтаған екен. Сонымен Еуропаға жолдаманы желі жұлдызына айналған мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза ұтып алыпты. Ақмоншақ Нұртаза – Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры. Ол - өзінің еркіндігімен, ерекшелігімен талай көзге түскен ұстаз. Жастардың тілімен айтқанда оқушылармен «вайбы» бір. 

БЛИЦ:

- Әрбір еңбек артында жеңбек бар. Күшті директор! 
- Құтты болсын! Лайықсыз! Контенттеріңіз ұстаз бен шәкірт үйлесімі, басшы мен қарамағындағылардың саналы қарым-қатынасы, балаларды адам ретінде қарау, қызметке бола дәреже ұстамау сынды жақсы құндылықтар менмұндалап тұрады. 

Димаштың көрермендермен кездесуі ерекше сәттерге толы болды. Мына видео да таныс па?

Желі жұлдызына айналған баланың аты-жөні – Бекболат Иса. Оның видеосы желіде кең тарап, жас орындаушының вокалдық шеберлігіне жұрт ерекше ықылас білдірген. Жас спортшы Димаштың концертінде өзін танымал еткен «Балқадиша» әнін дүйім жұрттың алдында орындады. Мұны көргендер болашақ жұлдызға қолдау білдірген әншіге алғыстарын жаудырып жатыр. 

БЛИЦ:

- Болар баланың белін бу деген осы шығар. Өнерің үстем болсын, бауырым! Тек алға! 
- Өзін-өзі ұстауы, нағыз сахнаның баласы. Өзінің орнын табады деп үміттенемін. Алға!
- Димашқа мың алғыс өнерлі балаларды қолдап жатқанына. 

Құрметті көрермен, бүгінге осы. Сау болыңыздар.