Ақтауда ер адам Instagram парақшасында лицензиясыз сыйлық ұтыс ойынын өткізгені үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, ол 2025 жылғы 16 қаңтарда "Бизнес нөлден бастау" атты курсты сатылымға шығарып, жеңімпаздарға ақша, смартфон және автокөлік сыйға тартатынын жариялаған. Алайда заң бойынша мұндай уәде – лотерея ретінде қарастырылады. Ал лотереяны тек арнайы лицензиясы бар ресми операторлар ғана өткізе алады.
Сот бизнес-коучтың кінәсін дәлелденген деп таныды. Дәлел ретінде Instagram-дағы жазбалар мен скриншоттар және басқа да материалдар ұсынылған.
Нәтижесінде блогерге 825 720 теңге (100 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынды. Бұл — ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабы бойынша жеке тұлғаға салынатын ең төменгі айыппұл. Жігіттің алғаш рет заң бұзғаны жеңілдететін жағдай ретінде есепке алынған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда блогерлерге ескерту жасалған: лицензиясыз жүлделі ұтыс ойындарын өткізу — заңсыз. Мұндай лотереяларды тек "Сәтті Жұлдыз" ресми операторы ғана өткізе алады. Құзырлы органдар әлеуметтік желілерге бақылауды күшейтіп, ондаған заң бұзушыны жауапқа тартты, ал мыңдаған күмәнді парақшаға шектеу қойылған.